Әлеуметтік желілерде қазақстандық жүк көліктері жүргізушілерінің АҚШ әскері тастап кеткен әскери техникаларды видеоға түсіріп жүргені жайлы ақпарат тарады, деп хабарлайды ЭК.
Бұл туралы Dudoser парақшасына жүк тасушы агент хабарлаған. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстаннан Ауғанстанға 11 көлік жол тартқан екен. Олар енді жүктерін түсіре алмай қалған. Бұған дейін біраз уақыт әр жарты сағат сайын қоңырау шалып, хабарласып отырған.
Жүк көлігі жүргізушілердің видеосына қарағанда, қазір ауған жерінде нағыз анархия орнаған. Жүгін түсіріп алатын брокерлер де жоқ.
"Қазақстандық жүк көліктері Ауғанстанға жиі барады. Ол жаққа ұн мен май апарамыз. Жиһаз бен мұнай химиясын да тасимыз. Бұрынғы билік тұсында жеткізу оңай еді. Шекарада ешқандай дүрбелең болмайтын. Бір тәулікте жетіп баратынбыз. Енді не болары белгісіз", — дейді Алматы қаласындағы бір жүк тасымалдаушы компанияның өкілі.
Жүк тасушылар сабырға келген тәрізді. Тіпті, жалығып та жатпағаны байқалады. Олар енді қаңырап қалған АҚШ джиптерін видеоға түсіріп, елге жолдап жатыр.
Ауғанстан мен Өзбекстан шекарасында иесіз қалған техникалардың кесірінен кептеліс пайда болған. Сондықтан Термез — Хайратон көпірі арқылы өтетін жол жабық тұр.