$ 494.87  520.65  4.91

Ақпарат министрлігі «The Village Kazakhstan басылымын қоқан-лоқыдан қорғауға әзір»

Бұған дейін аталған басылым журналистері осыдан үш жыл бұрын қоғам назарын аударған Түркістан облысының Абай ауылында зорланған жеті жасар бала жайлы репортажынан кейін Village Kazakhstan басылымын қоқаң-лоқы жасалып жатқанын хабарлаған болатын.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі The Village Kazakhstan басылымын қоқаң-лоқыдан қорғауға дайын екенін мәлімдеді. Бұған дейін аталған басылым журналистері осыдан үш жыл бұрын қоғам назарын аударған Түркістан облысының Абай ауылында зорланған жеті жасар бала жайлы репортажынан кейін Village Kazakhstan басылымын қоқаң-лоқы жасалып жатқанын хабарлаған болатын.

Министрлік ақпарат комитетінің жауапты қызметкерлері жағдайды егжей-тегжейлі білу және көмектесу үшін The Village Kazakhstan редакциясымен және мақала авторымен байланысқа шығады деп хабарлады.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарына және журналистерге қысым жасауға болмайды деп санайды. Министрлік журналист құқығын қорғауға көмектесуге әзір», – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің telegram-арнасы.

Министрлік «мақала кейіпкерлерінің жеке өміріне нұқсан келтірмеу үшін журналистерді этикалық нормаларды сақтауға шақырамыз" деп бұқаралық ақпарат құралдары өздері жариялайтын материалдағы ақпараттың рас-өтірігі үшін жауапкершілік арқалайтынын еске салған.

Сәрсенбі күні кешке қарай The Village Kazakhstan редакциясы түрлі ведомствоның атынан белгісіз адамдар телефон соғып, мақаланы алып тастауды талап етіп, қоқаң -лоқы жасағанын хабарлаған. Редакция мұны тәуелсіз журналистерге қысым деп бағалап, мақаланы сайттан алмайтынын мәлімдеген.

Бұл мәселе бойынша Қазақстанның Балалар құқығы жөніндегі уәкілі Аружан Саин да пікір айтып, мақаланың кей тұсымен келіспейтінін білдірген. Оның сөзінше, мақалада зорлық көрген бала әлі күнге ауылда тұрып жатқандай сипатталған. Алайда журналистердің өзі бала ауылда тұрып жатыр демеген. Мақала авторы Әсем Жәпішева "бала жазда ауылдағы әжесіне келген» деп жазады. Журналистер өз кезегінде бала құқығы жөніндегі уәкіл жауаптан сытылып кеткісі келеді деп болжаған.

Азаттыққа айтқан пікірін де Аружан Саин бұрын Instagram парақшасына жазғанын қайталады.

-Олардың жазғаны шындыққа сай келмейді. Мамасымен кеше сөйлескенімде жазғы каникулда әжесіне қонаққа барғанын айтты. Баланың өзі Алматыда тұрады, мектепке барады. Біз оған көмектескен психологтың ақысын төледік. Оларды пәтерден ешкім шығарған жоқ, тегін тұрып жатыр, байланысымыз үзілген емес,-деді ол.

Адам құқығы жөніндегі уәкіл баланың әжесіне әлі күнге қоқаң-лоқы жасалатынынан бейхабар екенін айтты.

«Абайдағы бала: Зорлық көргендердердің бастан кешкендері. Үш жылдан кейін» («Мальчик из Абая: Как живут пострадавшие от насилия спустя три года») деп аталаты мақала Village Kazakhstan сайтына 1 қыркүйекте шыққан.

Абай ауылына барған автор зардап шеккен баланың отбасы мен болған оқиға жайлы тергеу жүргізу жөніндегі талабы аяқ асты болып, көмек сұраған әжесі жайлы алғаш хабар таратқан адамдардың бастан кешкендері жайлы әңгімелеген.

Абай ауылында бала зорланғаны жайлы хабар 2018 жылы наурыз айында тараған. 60 жастағы әйел Азаттыққа "немересі 2017 жылдан бері бірнеше рет зорланғанын, ол туралы арызын жергілікті полиция үшінші ретте зорға қабылдағанын, бірақ әрі қарай іс қозғалмағанын" айтқан еді.

Бұл жайт әлеуметтік желі мен баспасөзде үлкен резонанс туғызып, жергілікті жауапты қызметкерлер қызметінен босатылған (кейін уақытша шеттетілгені белгілі болды).

Мамыр айында Ақпарат және қоғамдық даму минисрлігі The Village Kazakhstan басылымынан Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті салынған муралда бөгде таңба пайда болғаны туралы ақпаратын алып тастауды талап еткен. Редакция мұны журналистің кәсібіне кедергі жасау және цензура деп бағалаған.

Баспасөз құқығын қорғайтын халықаралық «Шекарасыз репортер» ұйымы (Reporters sans frontières, RSF) Қазақстанды «баспасөз еркіндігі күрделі ел" санатына қосқан. Қазақстан RSF құрастыратын "Баспасөз еркіндігінің әлемдегі индексінде» 180 елдің ішінде 155-орында тұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары