Белгілі саясаттанушы - Санжар Боқаев қазақстандықтардың әл-ауқаты соңғы 10 жылдың ішінде қалай өзгергенін мәлімдеп, кедейлердің не себепті жылдан-жылға кедейленіп жатқанына тоқталды. Санжар Боқаев Instagram парақшасында қазақстандықтарға келесідей мәлімдеме жасады:
- 2011 жылы біздің орташа жалақымыз - 91 мың теңге болған екен. Ал 10 жылдан кейін 2021 жылы 251 мың болыпты. Қазақстандықтардың орташа жалақысы 251 мың теңге екеніне мен жеке өз басым сенбеймін және де HeadHunter сайтының мәліметі бойынша, сол жерде көрсетілген вакансиялардың орташа жалақысы - 180 мың теңгеге жуық екен. Бірақ, біз сарапшы болғандықтан, тек қана ресми статистикаға жүгінгеніміз жөн.
Сондықтан, осы статистика бойынша қазақстандықтардың 10 жылдың ішінде орташа жалақысы 2,5 есеге өскен. Ал, негізінде азық-түлікті алатын болсақ, көлік немесе үй мәселесіне келетін болсақ, оның бағасы 2,5 есеге емес, 3-3,5 есеге өскен екені мәлім - дейді ол.
Бұдан бөлек белгілі саясаттанушы біздің экономикамыз импорттау экономикасына жататындықтан доллар курсына өте тәуелді болып тұрғанымызды, біздің бағаларымыз соған өте байланысты екендігін де атап өтті.
- Сол үшін біз өзіміздің орташа жалақымызды 10 жылдың ішінде доллармен қалай өзгергенін байқасақ болады. 2011 жылы орташа жалақымыз $626 доллар болған. Ал дәл биыл ол $590 доллар. Доллармен қарайтын болсақ, біздің жалақымыз төмендеп кеткен. Ал, енді біздің ең бай, ауқатты қазақстандықтарды алатын болсақ, олардың табыстары қалай өзгергеніне көңіл бөлейік. Мына таблицаны қарайтын болсақ, 2021 жылы біздің ең бай азаматтарымыз одан да мықты байлыққа қол жеткізген - дейді Санжар Боқаев.
Яғни, саясаттанушының зерттеуіне сүйенсек, Forbes-қа енген топ 50 ең Қазақстанның бай азаматтарының жалпы соммадағы ақшасы 24 млрд-тан 37 млрд-қа дейін өскендігін байқаймыз. - Шын мәнінде, бұл нені көрсетеді? Байлардың одан сайын байып, біздің кедейлердің одан сайын кедей болып жатқанына көз жеткізеді... және де бұл біздің мемлекеттік саясаттың дұрыс емес екенін көрсетті - дейді саясаттанушы.
Oinet. kz