Әлеуметтік желіде мүйіздері кесіліп, қан-жоса болып, әлсіз жатқан Қарағанды зообағындағы бұғылардың видеосы тарады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Біздің Қарағандыдағы хайуанаттар бағындағы жағдайды қараңыздар. Бұғылардың мүйіздерін кесіп тастапты. Бәрі қан-қан. Жануарларды қорлағандық қой бұл. Не үшін былай істеген?, — дейді видео авторы.
Видео Қарағанды хайуанаттар бағында түсірілгені белгілі болды. Халық арасындағы наразылықтан кейін зообақ басшылығы тікелей эфир өткізіп, аталмыш оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады
"Күз кезінде бұғылар ұрпақ жалғастыру үшін агрессияға көшеді. Ондай кезде олар бір-біріне күш көрсетіп, мүйіздерімен түйрейді. Бұдан ұрғашылар жарақаттануы мүмкін. Біз осыны болдырмау үшін олардың мүйізін кесіп тастауға мәжбүрміз. Мәселен бұл жолы үш бұғының мүйізі кесілді. Әлеуметтік желіде тараған фото мен видеода олар ауырсынуды басатын дәрінің әсерінде жатыр. Сондықтан олар әлсіз. Мұндай іс-шара жүргізілген кезде хайуанаттар бағын жауып тастау керек еді. Мұны мойындаймыз", — деді хайуанаттар бағының әкімшілігі.
Олардың сөзінше, мүйіз кескенде қанның шығуы қалыпты жағдай, жануарларға еш зиян келмейді.
Сөздері дәлелді болуы үшін зообақ қызметкерлері алаңсыз, секіріп, шауып жүрген мүйізі келсілген бұғылардың видеосын жариялады.