$ 494.87  520.65  4.91

«Туысымды босат!»: Қытай консулдығы алдында 221 күнге жалғасқан шарада аналар үш аптадан бері көшеде түнеп жүр

221 күнге созылған қазақстандықтардың талабына Қытай билігі жауап берер емес, Қазақстан Үкіметі де шарасыздық танытып отыр.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Шыңжаңдағы туыс-бауыр, перзентін іздегендердің Алматы қаласындағы танымал концерт үйінің артында орналасқан Қытай консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп жүргеніне жарты жылдан асты. 221 күнге созылған қазақстандықтардың талабына Қытай билігі жауап берер емес, Қазақстан Үкіметі де шарасыздық танытып отыр, деп жазады qazaqtimes.com.

Кейінгі үш аптадан аса уақыт азаматтар консулдық ғимаратының маңайында, Бахадүрбек Байтасов көшесінің бойында түнеп жүр. Сейсенбі күні полиция «көршілердің шағымын» алға тартып жел-жауын, суықтан ықтасын болған күрке-шатырды алдырып тастаған. Десе де жақынынан хабар күткендер ағаш тақтайдың үстіне алаша-кілем төсеп, наразылық акциясын жалғастырып келеді.

16 тамызда редакция тілшісі оқиға орнына барып, тараптармен тілдесуге тырысты. Қытай консулдығы қабылдау бөлімі жабық тұрды. Елшіліктің қауіпсіздігін күзететін «Глобус» ЖШС қызметкерлері «бүгін жұмыс күні екенін, бірақ карантин режиміне байланысты іштен ешкім шықпайтынын» айтады. Консулдық өкілінен жеті айдан бергі наразылық акциясы жөнінде пікір алу ниетіміз іске аспады. Күзетшілер ешкіммен байланыстыра алмайтынын айтып, бейне-фото таспалауға тыйым салынғанын ескертті. 

Тілші көше бойы қоғамдық орын болғандықтан ақпарат құралына мұндай шектеу жасауға болмайтынын ескерткен соң күзетші дүңгершегіне кіріп кетті. Консулдық ғимаратының шеткі түкпір жағында Медеу аудандық полиция қызметкерлері отыратын тар пункт бар. Сонда жүрген бірнеше полицей де қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

Полицияда басшылық лауазымында қызмет ететін, азаматтық киімде жүрген Бауыржан есімді адам тілшіден жеке дерегін сұратпақтап, маңайды торуылдап жүрді. Жалаң ағашты тапал тапшаншаның үстіне жайғасқан наразылар күн райы айныған соң  тараптастарының кейбірі жуынып-шайынуға, бала-шағасынан хабар алуға үйіне кеткенін айтты. 

«Бізге жанашыр азаматтар астымызға ағаш тақтай, шатыр әкеп беріп еді. Жауын жауғанда көмектесіп еді. Бұл жақсылығымыздың шарапатын көп көргеніміз жоқ. Шатырды көршілердің шағымы деп полиция алдырып тастады» дейді наразылардың бірі Халида әжей. 

Үш ұлынан «тірідей айырылған» күрескер кейуана көшеде түнеп жүр

Қазақстанға 15 жыл бұрын көшіп келген 65 жастағы Халида Ақытхан үш ұлының босатылуын талап етіп жүргеніне төрт жылға жуықтаған. Оның айтуынша, ағайынды Сатыбалды, Оразжан және Ахметжан Рахымбергендерді «алдап қамаған, артынша заңсыз соттаған».

«Үшеуін де 2017 жылы төрт айлық оқудан өтіп, үй-жұмысыңа ораласың деп алдап шақыртып алып тұтқындаған. Абақтыда ұрып-соғып, белгісіз дәрі салып, аяқ-қолын байлап азаптаған. Тұңғышым Сатыбалды мен ортаншым Оразжанды жұмаға барды, намазға жығылды деген айыппен террорист есебінде 22 жылға соттады. Орынсыз жала жауып, нақақ күйеледі. Кейінгі ұлым Ахметжанды 10 жылға қамады. Балаларым бұрынғыдай емес, қу сүйегі қалған, денсаулығы әбден құрыған», – дейді көзіне жас алған кейуана. 

Оның айтуынша, Шыңжаңда қалған үш ұлының жұбайлары –  үш келіні саяси лагерьге қамалып, кейіннен күресіп жүріп үй қамаққа ауыстырылған. Ата-анасынсыз жәутеңдеген 14 немересі қараусыз қалған.

«Алды 18 жасқа келді. Олардың дауысын 2017 жылдан бері естімедім» деген кейуананың жолдасы Рақымберген балаларының қайғысына шыдамай, үш жыл бұрын жүрек талмасы ұстап көз жұмған.

«Қытай, лагерьлерді жап, жазықсыздарды босат, қазақтарды қамама! Перзенттерім мен келіндерімді, немерелерімді Қазақстанға жіберсін! Қытайдан қанын, байлығын, құнын сұрағаным жоқ, балаларымды босатса, мына консулдықтың алдында бір сәтке де тұрмас едім! Қайтсем де балаларымды Қытайдың қолынан құтқарамын!»

Қазақстанның президенттері Назарбаев пен Тоқаев, Нұр Отан партиясы, Үкімет басшысы, министрлерден алты жылдан бері көз жазып қалған жақындарына араша болып, босатылуына атсалысуын сұрайды. Төрт жылдан бері аттамаған табалдырығы қалмады деген Халида әжей биыл Қазақстан билігі мен Лондон трибуналына (Ұлыбританияда өтіп жатқан Қытай геноциді туралы қоғамдық-сот тыңдауы – QT) үміт артып отыр.

Бауырын іздеген Нұрзаттың үкілеген үміті

Нұрзат Ермекбайқызы өзінің 50 жастағы ағасы Бірлесбек Ермекбайұлын іздейді. Іле облысы Қорғас ауданында тұратын бауыры «заңды имам бола тұра жазықсыз 12 жылға соттағанын» айтады. Оны да алғашында 2018 жылғы қазан айында төрт ай оқу лагеріне деп алып кетті дейді. 

«Қытай өзі ашқан заңды дін оқуында білім алғаны үшін ағамды діни сеніміне бола 2019 жылы шілдеде 12 жылға заңсыз соттап жіберген. Қытай туыстық байланысымызды үзіп отыр. Мына суреттегілердің бәрі жазықсыз қамалғандар. 221 күнде алдымызға ешкім шықпады», – деді.

Оның сөзінше, имамдық қызметте болғандардың алды 30, кемі 10 жылға сотталған. Нұрзат Қытайға барған соңғы сапарында биліктің туған-туысы, ата-анасымен кезіктірмегеніне қапалы. Ол осы күнге дейін бауырынан хабар-ошарсыз отыр. Нұрзат 7 айдан асқан наразылық шарасына екі баласын үйіне тастап келіп-қатысуға мәжбүр екенін жанары бұлдырай қынжыла жеткізді. 

«Шыңжаңдағы геноцид» Қазақстан контексінде

Бұған дейін, 2018 жылдан бері халықаралық қауымдастықта Қытай билігінің түркітілдес мұсылман ұлттардың азаматтарын қудалап, қысым көрестіп жатқаны жайлы дау туып, Бейжің сынға іліккен. Туыс-жақыны Қытайда қалған қазақстандықтар сол кездегі Қазақстан президенті Назарбаевтан араша болуға көмек те сұраған.  БҰҰ Адам құқығы комитеті сол жылы тамызда Қытай билігінің ұйғыр, қазақ сияқты байырғы ұлттар арасында бір миллион адамды «саяси үйрену» лагеріне жібергенін мәлімдеді.

Ресми Бейжің бұл айыптарды мойындамай, ол лагерьлерді «экстремизммен күрес аясында құрылған кәсіп үйрену орталықтары» деп атаған. Мұсылман халықтарды діні мен ұлтына бола дискриминациялауды сынаған елдер қатары көбейіп, АҚШ-Еуроодақ санкция тетігін қолға алып, Канада, Ұлыбритания үкіметтерімен бірге Шыңжаңдағы қысымды «геноцид» деп таныды. Дегенмен осыншалық халықаралық қысымға қарамай Қытай қудалауды тоқтатпаған. 

Былтыр күзде Австралия стратегиялық саясат институты (ASPI) Қытайда мұсылмандарды ұстайтын лагерьлердің 40%-ға артып, 380-ге жеткенін мәлімдеген. Қытай ақтау әрекетінде бес жылда (2014-2019 ж.ж.) оқу лагерьлерінде 7,7 млн шыңжаңдық білім алғанын хабарлаған.

Қазақстан билігі қысым-қудалауға түскен қандастардың жағдайы туралы туыстарының (Қазақстан азаматы саналатын – QT) жүздеген арызына қарамастан мұны «Қытайдың ішкі шаруасы» деп санайды. Тәуелсіз сарапшылар мұны «Еститін Үкіметтің» (Қазақстанның – QT) экономикалық-инвестициялық мүддені қандастар өмір-құқығынан жоғары қойғанын аңғартады деп топшылайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары