17.09.2021, 04:12

«Баспен бір ұрған»: Қарағандыда кондуктор оқушының мұрнын сындырып тастады

Фото: ашық дереккөз
№3 автопарк қызметтік тексеріс өткізіп, кондукторды жұмыстан шығарып жіберді.

Қарағанды қаласында автобус кондукторы 16 жастағы жігітті баспен ұрып, мұрнын сындырып тастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Патриот Караганды Instagram парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, сол күні жас жігіт оқудан үйіне бара жатқан. Мәдениет үйі аялдамасында №43 автобусқа отырады. Салонда кондуктор екеуі сөзге келіп қалып, содан жанжал шыққан. Нәтижесінде кондуктор жас жігітті баспен ұрып, мұрнын сындырып тастаған. 

Облыстық полиция департаменті бұл оқиға 13 қыркүйекте болғанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдарына жасөспірімнің анасы арызданған. 

"13 қыркүйекте күндіз сағат 14:57-де Михайлов полиция бөліміне жасөспірімнің анасы арыз түсірді. Ол 16 жастағы ұлына жарақат салған №43 автобус кондукторына қатысты шара қолдануды талап етті. Осы факт ресми түрде тіркелді. 17 жастағы кондуктор анықталды. Оқиғаның мән-жайы зерттеліп жатыр", – дейді департамент қызметкерлері.

Ал №3 автопарк қызметтік тексеріс өткізіп, кондукторды жұмыстан шығарып жіберді.