Талғарлықтар селдің салдарынан әлі де зардап шегіп жатыр. Табиғат апаты болғалы 10 күннен асса да, аптап ыстықта ауыз сусыз қалған жарты ауданның жұрты ішерге су таппай жүр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Еске сала кетсек, Алматы облысындағы Маралсай шатқалында сел жүріп, балалардың демалыс орны мен бірнеше үйге, көліктерге нұқсан келген еді. Салдарынан тұрғындар судан да қағылған болатын.
Табиғат апатының ауыр салдары Кеңдала ауылын да айналып өткен жоқ. Селден кейін олар да тіршілік нәрінен қағылып отыр. Ал су таситын көліктер шеттегі ауылға көп келмейтін көрінеді.
— Бір аптада бір-ақ рет келді. Он-ақ минут тұрады. Тіпті аяқ қолдарын жуып алады да жұмыс бітті деп кетіп қалады.Ішіп отырғанымыз мына арықтың суы, — дейді Кеңдала ауылының тұрғыны.
Арықтың суына қарап қалған жұрт ауыл әкімдігіне талай мәрте барғанымен, еш нәтиже болмапты. Енді көлігі барлары суды алыстан тасып әкеп, жоқтары дүкеннен сатып алады екен. Шілденің шіліңгір ыстығында сусыз қалғандардың арасында көп балалы аналар да жетерлік.
— Баланы шомылдырайық десек, қиналып жатырмыз. 5 күн болды су келмей жатыр. Оның өзінде жоғары жаққа келген. Айқайлап шақырып алғанбыз. Ол су бітті қазір, — дейді кішкентай баланың анасы Нұрсұлу Көкеева.
«Жұрт тағатсыздана күткен су таситын көлік ауыл әкімдігінің алдында тұр екен. Ондағылар тілшілерді көргеннен кейін ғана іске кірісті. Ал ауыл әкімі ашынған жұртты сабырға шақырып әлек», делінген телеарна сюжетінде.
— Қазір бір су тасымалдайтын компаниямен келісім-шартқа отырып келісейік деп отырмыз. Жаңа барып келдім соларға сөйлестім. Артынан келісім-шартқа отырамыз. Олар су келгенге дейін, ауылға су тасымалдайтын болады, — деді Кеңдала ауылдық округінің әкімі Болатхан Қадырсызов.