Әлеуметтік желіде қазақтың ырым-жырымдарына қатысты видео қаптап кетті. Құрсақтағы шарананың жынысын анықтау үшін шүмекпен ішімдік ішіп жүргендердің әрекетіне қатысты этнограф пікір білдірді, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Әлеуметтік желіде тарап кеткен видеода бір топ әйелдің түбек толы арақты шүмекпен сіміру арқылы осы бесікке таңылатын шарананың жынысы қандай болатынын анықтап жатқанын байқай аламыз.
Бұл видеоның қай жақта түсірілгені әзірге белгісіз. Бірақ желі қолданушылары дәстүрдің "жаңа түрін" ойлап тапқандардың әрекетін сынға алды.
Ал белгілі этнограф Жамали Диханұлы нәрестенің болашағын болжау қазақта ешқашан болмаған дейді. Оның айтуынша, бұл — білімсіз адамдардың ісі.
Қазақша айтқанда, бұл — азғындаудың белгісі. Арақты түбекке құйып шүмекпен ішу деген не сұмдық? Қазақта баланың жынысын алдын ала болжау деген ешқашан болмаған. Тек бір Алладан сұрап медет еткен, - дейді Жамали Диханұлы.
Жамали Диханұлы қазақы ырым-жырымдар мен дәстүрлерді заңмен қорғауды ұсынды.
Мұны тоқтату үшін Мәдениет және спорт министрлігіне ұсыныс айту керек. Заң жүзінде тыйым салмасақ, мұндай жасанды ырымдар мен дәстүрлер қаптап кетті. Білгенін істеп жатыр. Ұлттың дәстүрін құртып жатқандарға қатысты заң шығару керек. Әйтпесе, құр айтқанымызбен ешкім тыңдамайды, — деді этнограф.
Express Qazaqstan бұған дейін ақ киіз үстінде ұзатылған қыз туралы жазған болатын. Жұрт оны да дәстүрді бұрмалау деп отыр.