Қазақ-қырғыз шекарасында қазақстандық шекарашылар өткен тәулік ішінде жалпы құны 1 миллион теңгеден асатын, ал салмағы жарты тоннадан асатын халық тұтынатын тауарларды заңсыз өткізбекші болғандардың жолын кесті, деп хабарлайды Skifnews.kz.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі мәлімдегендей, Жамбыл облысының «Сыпатай батыр» шекаралық бақылау бекетінің бақылаушылары Қырғыз Республикасынан халық тұтынатын тауарларды жарияламай өткізуге тырысқан 43 жастағы отандасымызды ұстады.
Жасырын жүктің салмағы 250 килодан астам, ал құны 900 000 теңгеге жетіп жығылды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Сол күні «Мерке» (теміржол) шекаралық бекетінің бақылаушылары «Бишкек - Москва» пойызын тексеру кезінде заңсыз жолмен өткізілмек болған салмағы 250 килоға жуық 4 бума жүкті анықтады. Жүктің құны 800 000 теңгені құрады.
Аталған дерек бойынша жолсерік ұсталды. Оны ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің 427 бабы бойынша жауапқа тарту көзделіп отыр.
«Қордай» заставасының (Жамбыл облысы) шекарашылары иесіз жатқан салмағы 45 кило болатын 3 қап темекі (сигарет) өнімдерін тапты. Тексере келгенде шекара қоршауының төменгі жолағы бұзылған болып шықты. Темекі өнімдерін әлдекімдердің шекарадан өткізуге тырысқандары байқалады, делінген хабарламада.