Күн сайын қарыштап дамыған ғылымның бір саласы ол робототехника. Бұл күнде ақылды техника адам атқаратын кез келген қызметті айна-қатесіз орындай алады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Соңғы кезде адам қолымен атқарылған біршама қызметтерді роботтар істейтін болған. Мәселен, күнделікті үй жинау, егде кісілерге немесе балаларға қарау. Дүкендерде сатушы ретінде сатып алушылардың сұрағына жауап бере алатын роботтар бар. Тіпті робот-мұғалімдер де пайда бола бастады. Сарапшылар болашақта адам қолымен жасалатын тағы біраз шаруалар осы ақылды техниканың міндетіне өтеді деп жоспарлайды. Соның бірі журналистика саласы.
Бір қарағанда ақыл мен ой арқылы жүзеге асатын сала қызметін енгізілген белгілі бағдарлама арқылы ғана жұмыс атқаратын құрылғы орындап тастайды деу қисынға келмес. Дегенмен, ғылымдағы соңғы жаңалықтарға үңілсек, оның алғышарттары жасалып, күнделікті өмірімізге еніп келеді.
Мәселен, екі-үш жыл бұрын Қытайда тұңғыш робот-журналист пайда болды. Сяо Нань деп аталатын ақылды техника өзінің тырнақалды туындысын Southern Metropolis Daily газетіне жариялады. 300 иероглифтан тұратын мақаланы жазуға робот бар болғаны бір секунд ғана уақытын жұмсаған. Роботты жасаушылардың сөзінше Сяо Нань шағын хабарлама ғана емес, көлемді мақала жазуға да мүмкіндігі бар. Оның ең басты артықшылығы мәліметтерді жылдам қорыта алады. Бірақ мәтін теруге уақыт кетірмейді.
Қазірдің өзінде батыстың көптеген ірі басылымдары Робот-журналистердің қызметін пайдаланып отыр. Бұлардың қызметі қаржы, спорт салаларында статистикалық деректердің үлкен көлемін жедел өңдеу үшін таптырмас шешім болып отыр.
Әйгілі Washington post басылымы біраз уақыттан бері Heliograf атты жазу роботын пайдаланады. Бүгінгі күнге дейін робот мыңдаған мақала жазған. Ал Associated Press ақпарат құралы робот-журналистер арқылы уақытты 20 пайызға үнемдегенін, материалдар көлемі 10 есеге көбейгені туралы дерек келтірген. Сонымен қатар мәтіндегі қателер саны да айтарлықтай төмендеген.
Алайда робот-журналист тез және көлемді жаза алғанымен тақырыпқа қатысты терең әрі жүйелі талдау жасау мүмкіндігі жоқ. Мамандардың пікірінше егер мақаланы робот жазса, онда бұл туралы ескертпе берілуі керек. Бұл роботтың авторлық құқықтарын қорғау мақсатында емес. Керісінше, оқырманның құқыған қорғау үшін. Оқырман мақала авторы адам емес жәй ғана ақылды техника екенін білуі үшін.
Арнайы жүргізілген зерттеулер нәтижесі роботтың көмегімен жазылған мақаланың рейтингі әлдеқайда төмен екенін көрсеткен. Осыған дейін баспа, интернет саласында пайда болған роботттар соңғы жылдары өз қызметін телевизия саласында да көрсете бастады. Шамалы уақыт бұрын Қытайда күнделікті жаңалықтар жеткізетін робот-диктор пайда болды.
"Синьхуа" ақпарат агенттігінің дерегінше осындай екі диктор болады. Олардың бірі ағылшын, екіншісі қытай тілінде кәдуілгі адам дикторлар секілді жаңалықтар жүргізе алады. Робот қызмет етіп жатқан телеарна өкілдері бұл технология жайлы толыққанды ақпаратты барынша құпия ұстауда. Әзірге белгілісі роботтардың тәулік бойы үзіліссіз қызмет көрсетуге қабылетті екендігі.
Қытайдың кейбір ақпарат кұралдарының жазуынша, Робот-диктордың сыртқы бейнесі Қытайдағы танымал тележүргізуші Цю Хаоға ұқсатылып жасалған.
Кейіннен ресейлік "Россия 24" телеарнасында "Алекс" атты робот хабар жүргізді. Ол роботты құраушы Алексей Юджаковтың бет-бейнесіне ұқсатылып жасалған. Одан кейін өз елімздегі телеарналардың бірінде i-Sanj есімді виртуалды диктор жаңалықтар жүргізе бастады. Біздегі робот-диктор белгілі актер Санжар Мәдидің сыртқы келбетіне ұқсап жасалған.
Кибержурналист телеарнаға экономикалық жағынан да біраз пайда әкелген. Мысалы, ол өзіне эфир алдында грим жасауды немесе жалақы төлеуді талап етпейді.
Осы экономикалық жағы демекші, кейінгі кезде ірі телеарналардың басым бөлігі робот-оператаордың жұмысын пайдалануға көшкен. Робот- таспагерлер әзірге студиялық форматтағы телехабарларды түсіруге ғана қабылетті. Десе, де мұның өзі телевизия саласындағы негізігі бір маманның орнын ақылды техника алмастыра бастағанын көрсетеді.
Алайда, сарапшылар мен ғалымдарың пікірінше, әзірге робот нағыз журналистерді алмастыра алмайды. Себебі, ақылды машиналар көлемді мақалаларды, қысқаша шолуды жасай алғанымен, сұхбат құрып, өздігінен терең ой қорыта алмайды. Бірақ, жақын болашақта олар журналистерді толығымен ауыстыруы да мүмкін екенін де жоққа шығармайды.