Жақында Алматы облысында кәмелетке толмаған қыз жылдар бойы өгей әкелері тарапынан зорлыққа ұшырап келеді деген ақпарат тараған еді. Оқиғаның ортасында “кінәлі” болып қалған қыздың анасы жағдайдың шын мәнінде қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz.
Время газетінің мәліметінше, дүрбелең тудырған құқық қорғаушылар еді. Қыздың анасы шын мәнінде жағдайдың басқаша болғанын айтқан. Айтуынша, қыздың өгей әкелері болмаған. Тек биологиялық әкесі бар.
Құқық қорғаушылар қыз бес жасынан бастап зорлық-зомбылыққа ұшыраған деген ақпарат таратты. Бастапқыда бұл бірінші өгей әкесі болды, содан кейін ол 9 жасқа толғанда - екіншісі, 11 жасында үшіншісі болған делінді. Сондай-ақ, құқық қорғаушылар қыздың Алматыға келгенде зорланғанын айтқан. Жеткіншек бұл қылмыстардың барлығы анасының келісімімен жасалғанын айтты деген ақпаратты да құқық қорғаушылар таратқан.
“Менің қызым 2006 жылы туған. Бір жасқа келген күйеуім екеуіміз айырылысып кеттік. Мінезіміз сәйкес келмеді. Солай мен ауылыма оралдым”, – дейді қыздың анасы Гүлмира Нүсіпжанова.
Қызы өзінің ғана емес атасы мен апасының да көз қуанышына айналғанын айтады. Отбасында жалғыз баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген. Өсе келе қызы туған әкесін сұрай бастаған.
Журналист Сандуғаш Дүйсенова қыздың анасы мен ауылдастарымен сөйлесіп оқиғаға қатысты бірқатар жайттарды анықтаған.
Қызы әкесін әлеуметтік желіден тауып алып, екеуі Талдықорғанда кездескен. Ол уақытта қыздың жасы 14-ке келген.
“Ол әкесінің үйіне жиі баратын болды. Әкесі оған сыйлықтар жасап, 9-сынып бітірген соң өзінің үйіне көшіп алуға көндірді. Ол кішкентай еді, үлкен өмірге дайын емес еді. Кішкене өсіп, мектеп бітіріп алсын дедім. Алайда соң ол педагогикалық колледжге түсті. Осы үшін екеуміз ұрсыстық. Грантқа түстім деп маған төтесінен айтты. Осылайша әкесімен бірге тұруға кетіп қалды”, – дейді анасы.
12 қыркүйекте ол қызын Алматыға алып келген. Бұрынғы күйеуіне қызына қамқорлық танытуды сұраған.
Осылай жасайды деп ойлаған жоқпын. Сол күндері мен қызыма қоңырау шалдым, бірақ ол телефонды алмады. Мазасызданып, артынан кеттім”, – дейді әйел.
Айтуынша, қызы “Не молчи” қорына әкесінен зорлық көріп жатырмын деп хабарласқан.
“Келіп едім, қордың қызметкерлері жан-жақтан маған атылды. Балаға сенімхат жазып беруін сұрады. Есімді шығарып жіберді. Бала үшін осылай дұрыс болады деді. Есімді жиған соң сенімхатты кері алдырттым. Енді қордағы Татьяна есімді әйел мені бопсалап, қорқытып жатыр. “Сізді түрменің ар жағына жіберу үшін бәрін істейміз” дейді. “Бәрібір біздің айтқанымыз болады”, “Бізбен келісімге келмеген соң сізге қарсы шығамыз” деп айтты, – дейді Гүлмира Нүсіпжанова.
Айтуынша, қызына осы қорда жұмыс істейтін жас волонтерлардың сөзі жүреді, себебі олармен бұрыннан бері достық қарым-қатынаста.
“Бес күн бойы қорда қызым тұрған уақытта барлық сараптаманы менің рұқсатымсыз жасаған. Ешқандай өгей әкелер тарапынан зорлық болған жоқ. 15 жылда үш рет ғана жазалағанмын”, – дейді қыздың анасы.
Көршілер бұл ауыр айыптаулар туралы естігенде, шошып кеткенін жасырмайды.
“Мұндай сандырақты таратып жүрген кім?! Анасы өмір бойы қызын асырау үшін жұмыс істеп келе жатыр. Жазда да, қыста да тыным жоқ. Қатарынан қалмасын деп бар жақсыны алып берді. Енді қараңыз!”, – дейді Виктор Новиков.
Тағы бір көршісі Александр Чернов бұл мәселе шешілмесе полицияға баратынын және барлық ауыл тұрғындарын өзімен бірге ала баратынын айтты.
“Ешкімге ренжітуге жол бермеймін. Ол үшін кез келген адамның басын аламын. Қызын туғаннан кейін ғана бақыттың не екенін түсінді ғой. Енді мынадай ақпарат тарап жатыр”, – дейді Чернов.
“Өгей әкесі нес? Ол тұрмысқа да шықпаған. Ауылына қайтқан соң, сол жерде әке-шешесі қайтыс болғанға дейін тұрды. Өмір бойы жұмыс істеуден босаған емес. Мұндай жалған ақпаратты таратқан адамдар жазалануы тиіс”, – дейді Юлия Волкова.
Белгілі болғандай, қыздың туған әкесі педофилия үшін сотталып, 10 жыл түрмеде отырып шыққан.