73 жасында ҚР туризм және спорт экс-министрі, Астананың экс-әкімі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің экс-президенті Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов қайтыс болды. Қайғылы хабарды Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі ұжымы Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің бақылау кеңесінің төрағасы Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетовтің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты қайғырып көңіл ацтады", - делінген агенттіктің Facebook-тегі хабарламасында.
Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов 1949 жылы 8 наурызда Қостанай облысында туған. 1972 жылы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын, ал 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазак мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. Педагогика ғылымдарының кандидаты. Профессор. Институтты бітіргеннен кейін Кеңес Армиясы қатарында әскери қызмет өткерді. 1973-1985 ж.ж. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт кафедрасы ҒЗЖ техникалық бөлімінің оқытушысы, ассистенті, аға оқытушысы, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді.
1985-1991 ж.ж. - "Еңбек резервтері" БЕСҚ Қазақ республикалық кенесі төрағасының орынбасары, төрағасы. 1991-1996 ж.ж. - "Яссауи" Туризм жөніндегі мемлекеттік акционерлік компаниясының президенті . 1996-1997 ж.ж. - Қазақстан Республикасының жастар ісі, туризм және спорт министрі. 1997-1998 ж.ж. - Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Туризм және спорт жөніндегі комитетінің төрағасы. 1998-2003 ж.ж. - Қазақстан Республикасы Президентiнің Iс басқарушысы. 2003-2004 ж.ж. - Астана қаласының әкімі. 2004-2006 ж.ж. - Қазақстан Республикасы Президентiнің Iс басқарушысы. 2006-2011 ж.ж. - Қазақстан Республикасының Спорт және туризм министрі. 2012 жылғы қаңтардан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. "Нұр-Отан" Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.
Қосымша лауазымдары:
Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің президенті; Дүниежүзілік туристік ұйымның вице-президенті; Азияда Олимпиада комитетінің вице-президенті; Қазақстан Республикасы су спорты түрлері жөніндегі федерациясының президенті; XII сайлаңған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кенесінің халық депутаты. "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев", ІІ дәрежелі "Барыс" ордендерімен, Ресей Федерациясының халықтар достығы орденімен марапатталған. "КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы". "Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы", "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атақтарын алған.
Үйленген, екі баласы және үш немересі бар.