Алматыда миллионыншы тұрғынға коронавирусқа қарсы вакцина салынды. Бұл жөнінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің twitter парақшасында хабарлады.
"Медициналық ақпарат жүйесінің мәліметі бойынша, Алматыда миллионыншы болып Самал Оқапова есімді азамат коронавирусқа қарсы вакцина салдырған. Денсаулығындағы ерекшеліктерге қарамастан, ол өзі мен жақындарын қорғау үшін вакцина салдырды. Мұндай саналы әрекет қуантады және өзгелерге үлгі" - деп атап өткен қала әкімі.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, соңғы тәулікте үш мыңға жуық адам екпе алған. Қазір мегаполис COVID-19-ға қарсы вакцина алғандар саны бойынша көш бастап келеді. Шаһарда 137 егу пункті жұмыс істеп тұр. Олар медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен ірі сауда орындарында орналасқан.