$ 494.87  520.65  4.91

Ұлттық қор Nur Otan-ның әмиянына айналып барады

Сыртқы қарызда рубльдің үлесі артады.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Ұлттық экономика министрлігі 2030 жылға дейін ҚР мемлекеттік қаржысын басқару тұжырымдамасының жобасын жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі. Кейінгі жылдары бюджет туралы әңгіме айтылса, ар жағынан Ұлттық қордың "құлағы" қылтиып шыға келетін болды. Бұл ел бюджетінің Ұлттық қорға барынша тәуелді болып қалғанын көрсетеді. Халық "Ұлттық қор Қазақстанда мұнай біткен кезде келер ұрпағымыз пайдаланады" деген иллюзияның утопия екеніне көз жеткізе бастады.

Ұлттық игіліктерді бөлісу формуласының о баста әділетті құрылмауы, билік басындағылардың электорат алдындағы сенім лимитінен айырылуы, елдің ен байлығын қалтасында ұстап отырған топтың бұл ахуалмен санасудың орнына аранын аша түсуі мемлекетті бірнеше оттың ортасында қалдырып отыр. Оның сыртында Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай Халық Республикасы алдындағы мәлім және беймәлім мәмілелері мен міндеттемелері бар.

Осындай күрделі алғышарттармен билікке келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолымен елдің әділдікке деген сұранысын алдандыру үшін бірнеше популистік шешім қабылданып, бюджет шығысындағы әлеуметтік міндеттемелердің үлесі ұлғайған болатын. Бұл алдамшы шешімдердің елдегі күйзелісті еңсермейтіні о бастан белгілі еді. Керісінше бюджеттің кірісі азайған тұста шығысы артып, соның сылтауымен Ұлттық қор "ханталапайға" түсті. 2016 жылы Ұлттық қордың бүкіл қаржылық активі 72 млрд доллар болса, қазір 55 млрд долларға дейін түскен.

"2020 жылға арналған дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде экономиканы қолдау және бірінші кезекте әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін Ұлттық қордан 4,8 трлн теңге кепілдендірілген трансферт бөлінді. Бұл қаражат азаматтарды әлеуметтік қолдауды күшейтуге, оның ішінде халықтың табысы аз топтарын қолдауға және кірістерін арттыруға, табысы төмен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсартуға, өңірлерді дамытуға бағытталды. Осының нәтижесінде өткен жылдары республикалық бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігі 2020 жылы 45%-ға дейін өсті", - деп жазады тұжырымдама жобасының авторлары.

2013 жылы бюджет шығысындағы ағымдық шығындардың үлесі 79,6% болса, 2020 жылы 83%-ға жеткен. Ал экономиканың нақты дамуына бағытталатын шығын үлесі 2007-2008 жылдары бюджеттің 30%-ын құраса, 2021 жылы 8,6% болған. Бірнеше оттың ортасы деп отырғанымыз да осы. Бұған дейін "инвестициялық қызметті қамтамасыз ету", "әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды кеңейту" деген шаблондармен оңды-солды игерілген қаражат ешқандай жеміс бермеген. Салдарынан экономиканың мұнайға тәуелділігі бұрынғыдан да артып отыр.

Жарты триллион теңгелік жобалар да бар

2013 жылы мемлекеттік борыштың жалпы ішкі өнімге қатысы 12,5% болса, 2020 жылы 29,4%-ға жеткен. Таза ақшамен есептесек, 4,7 есе өскен. 2014 жылы мемлекеттік борыш көлемі 4,4 трлн теңге болса, былтыр. 20,6 трлн теңге болған.

"Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер үшін мемлекеттік борыштың ЖІӨ-ге қатысты деңгейі 50%-дан аспауға тиіс деген индикатор белгіленген", - деп жазады министрлік мамандары.

Соған қарағанда сыртқы қарыз лимиті жалпы ішкі өнімнің тең жартысына дейін деп белгіленетін түрі бар. Ұлттық экономика министрлігінің сарапшылары мемлекеттік борыштардың бақылаусыз өсуіне мемлекет-жеке меншік әріптестігі есебінен іске асатын жобалардың лимиті нақты болмауы да себепкер болып отыр деп топшылайды. Расымен де, мемлекет-жеке меншік әріптестігі аясындағы және концессиялық жобалардың әзірге пайдасынан ауыртпалығы басым болып тұр.

"Жергілікті атқарушы органдардың көпшілігі қабылданған және өтелмеген мемлекеттік міндеттемелердің сомасы ретінде қаржы жылының 1 қаңтарындағы міндеттемелерді бүкіл кезеңнің жоспарлы сомасы ретінде көрсететін болған. Бұл әкімдіктердің мемлекеттік міндеттемелерін қабылдау лимитін жасанды түрде төмендетеді", - дейді Ұлттық экономика министрлігінің мамандары.

Демек, мемлекеттік борыштың ресми көлемі айсбергтің су бетіндегі көрінісі ғана деген сөз. 2015-2021 жылдар аралығында мемлекет-жеке меншік әріптестігі аясында қолға алынған жобалар саны 3-тен 817-ге дейін артыпты.Бұл қарыз лимитімен бірге бюджет шығынын да арттырып отыр. Ведомство өкілдері бюджеттен аса үлкен көлемде қаражат бөлініп жатқан ірі жобаларды атаған. Солардың бірі – "Үлкен Алматы" айналма автомобиль жолы. Бұл жолды салу үшін 2025 жылы 31,7 млрд теңге бөлу қажет. Ал 2026-2035 жылдары жыл сайын орта есеппен 38,1 млрд теңге бөліп отыру жоспарланған.

2040 жылы ғана жобаны қаржыландыру 18 млрд теңгеге дейін төмендейді. Шамамен алғанның өзінде бір ғана жобаға бастан-аяқ 500 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалмақ. 2022 жылы МЖӘ жобаларына республика бюджетінен 64 млрд теңге бөлінсе, 2026 жылы 1 трлн 285,2 млрд теңгеге дейін жетпек. 2027 жылы 1трлн 278,2 млрд теңге, 2028 жылы 1трлн 273,9 млрд теңге, 2040 жылы 17,7 млрд теңге қажет болады.

"МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің лимиттерін айқындау тәсілдерін жетілдіру жұмыстарын жалғастырған жөн", -  делінген тұжырымдама жобасында.

Тұжырымдама авторлары МЖӘ жобалары бойынша алынған бюджеттік міндеттемелердің лимитін жалпы ішкі өнімге бағдарлап белгілеуді ұсынады. Мысалы, Бразилияда МЖӘ міндеттемелерінің жалпы мөлшері жылдық таза кірістің 1%-на дейін шектелген. Ал Ұлыбританияда пайдалану дайындығы үшін жыл сайынғы төлемдер жылдық бюджеттің 2%-ынан аспауға тиіс. Оңтүстік Кореяда операциялық дайындық үшін жылдық төлемдер Орталық үкімет шығындарының 2%-ымен шектелген.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, квазимемлекеттік сектордың атынан экономикаға килігіп отырған компаниялардың саны 6,5 мыңға жуықтаған. Сондықтан ведомство квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ұйымдық-құқықтық нысандарын қайта қарауды ұсынып отыр. 2023 жылдан бастап елімізде контрциклдық бюджет қағидасы енгізілмекші. Бұл Ұлттық қордан бюджетке бөлінетін трансферттер сол жылы мұнайдан түсетін болжалды табыстың көлемінен аспауына кепілдік болады. Сол үшін Экономикалық саясат жөніндегі кеңес пен Ұлттық банк мұнайдың есептік бағасы айқындап отырады.

Тұжырымдама бойынша, қарыз алу мәселесінде мемлекеттік және квазимемлекеттік міндеттемелерді басқару саясатын Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жүргізеді. Ол орган мындай шектеулер мен қағидалар бойынша шешім қабылдауы керек: - мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектордың борыштың жиынтығы ЖІӨ-нің 60%-ынан аспауға тиіс. (Үкіметтік борыш ЖІӨ-нің 35%-ынан аспауы керек) - үкіметтік борышқа қызмет көрсету жөніндегі шығыстар республикалық бюджет шығыстарының 15%-ынан аспауға тиіс - мемлекеттік борышты деңгейін ЖІӨ-нің 40%-ынан асырмау ұстау керек - Борыш көрсетілген деңгейден асып кеткен жағдайда, даму бағдарламаларын қаржыландыру және шетелдәі қаржысы бар жобаларды іске асыру мерзіміне түзетулер енгізіледі.

Қарыз алу саясаты рубльге бүйрек бұрып тұр

"Мемлекеттік қарыз алу негізінен ішкі нарықта жүзеге асырылады", - деп жазылған құжатта. Алайда ішкі нарық деп Қазақстанның нарығы айтылып тұр ма, әлде Еуразия экономикалық одағы айтылып тұр ма, түсініксіз. Өйткені тұжырымдама қабылдасна, сыртқы қарыздар көбінесе "тұрақсыз" валютамен тартылатыны айтылған.  Ұлттық валютада еурооблигациялар не өзге де "тұрақсыз валюталарда" облигациялар шығару түрінде қарыз алу практикасы қолданылатын болады. Бұл жерде "тұрақты" валюта деп АҚШ доллары меңзелсе, "тұрақсыз" валюта ретінде Ресейдің рубль меңзелген. Тіпті 2030 жылға қарай Үкіметтік борыштағы "тұрақты" шетел валюталарының үлесін 50% деңгейге дейін қысқарту жоспарланған.

Ұлттық экономика министрлігі қаржы саласынн реттеуші органдарға қит етсе, сырттан қарыз алу тәжірибесн шектеуді ұсынып отыр. Егер тұжырымдама мақұлданса, келесі жылдан бастап қысқа мерзімді сыртқы мемлекеттік борыштың үлесі азайып, ұзақ мерзімді қарыз алу үлесі үлкеюі керек.

"Мемлекеттік сыртқы қарыздар кемінде 5 жыл мерзімге тартылады. 2018-2019 жылдардағы еурооблигациялар мен 2020 жылы рубль облигацияларын шығару тәжірибесі жалғасын табады. Ол үшін ішкі қор нарығына қатысушылардың осы алаңға қол жеткізуі мәселесі пысықталады", - деп жазылған құжатта.

"Өзін-өзі ақтамайтын" инфрақұрылымдық жобаларға сырттан қарыз тарту және оған мемлекет тарапынан кепілдік беру тәжірибесінен бас тарту да ұсынылып отыр. Бірақ бұл ұсыныс қабылданғанымен орындалуына күмән көп. Нұр-Сұлтан қаласының бүкіл көлік инфрақұрылымын ойрандаған "Астана ЛРТ" жобасын аяғына жеткіземіз деп тыраштаған әкімдіктің талпынысы осы сөзімізге дәлел.

"Мемлекеттік борыштың статистикасын жетілдіру және оны халықаралық әдіснамаға сәйкес келтіру аясында мемлекеттік борыштың құрамында Ұлттық Банктің борышы ескерілмейді. Ұлттық операторлардың, мемлекеттік кәсіпорындардың және коммуналдық меншіктегі кәсіпорындардың ішкі және сыртқы борышына Қаржы министрлігі мониторинг жүргізеді", -делінген тұжырымдамада.

Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік қаржысны басқару тұжырымдамасының арқасында 2030 жылы Ұлттық қордың валюталық активтері кемінде 80 млрд млрд доллар болатынын болжап отыр. Бұл жерде мұнай бағасы барреліне 50 доллар деп белгіленген. Қазір оның мөлшері 55 млрд доллар екенін айттық. Бес жылда 17 млрд доллар кеміген Ұлттық қор активіне 9 жылда 25 млрд доллар үстемелеу үшін бюджетке бөлінетін кепілдендіріліген трнасферттерді мұнайдан түсетін кірістен асырмау туралы шектеу қоймақшы.

Ең қызығыс дәл осындай шектеу нысаналы трансферттерге қойылмаған. Ал нысаналы трансферттерге күтпеген күрделі жағдайлармен бірге Nur Otan-ның сайлауалды бағдарламалары да жатады. Нақтырақ айтсақ, Ұлттық қордың нысаналы трансферттері "экономиканың құлдырап, экономиканың өсу қарқынының баяулаған кезеңдеріде дағдарысқа қарсы бағдарламаларға", "жетекші партияның тұғырнамасын іске асыруға бағытталған инвестициялық жобаларына" жұмсалады.

Nur Otan-ға қой дейтін қожа болмай тұр

"Ұлттық ауқымдағы өзін-өзі ақтамайтын әлеуметтік маңызы бар жобаларды, стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың балама көздері болмаған кезде қаржыландыру үшін ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша ғана бөлінеді", - делінген. Биыл да Nur Otan Ұлттық қордан алатын нысаналы трансфертінің көлемін 1,8 трлн теңгеге арттырған болатын. https://inbusiness.kz/kz/news/nur-otan-ulttyk-kordan-alatyn-nysanaly-transfert-kolemin-1-8-trln-tengege-arttyrdy Болашақтың қамы үшін құрылды деген Ұлттық қордың қаражатын нұротандықтадың әкесінен қалған мұрадай оңды-солды игеруіне шектеу болмай тұр.

"Ұлттық қордың жинақтау функциясын орындау үшін ЖІӨ-нің болжамды мәнінен төмендетілмейтін қалдық тиісті жылдың соңына 30%-ды құрайтын болады. Бұл шектеу сақталмаған жағдайда кепілдендірілген немесе нысаналы трансферттердің мөлшері тиісті шамаға азайтылады", - деп жазылған.

Мұны қарапайым тілмен "Nur Otan Ұлттық қордың ақшасын түбі көрінгенше пайдалана алады" деп тәпсірлеуге болады. Ал кепілдендірілген трансферт мұнайдан түсетін жылдық кірістің мөлшерімен шектелген. Түйіндесек, тұжырымдама жобасында Ұлттық қордың қаражаты оңды-солды ысырап болып жатқаны туралы көпшіліктің сыны ескерілген. Бірақ ұсынылып отырған шектеулер қор қажаратының молайып, сыртқы қарыздың кемуіне кепіл болады деп айту қиын.

Өйткені шектеулер көзделгенімен, оны сақтамаған жағдайда қандай жаза қолданылатыны туралы бір де бір мәлімет жоқ. Ал жазалау тетігі болмаған жерде шектеудің орындалуы екіталай. Мысалы, қолданыстағы талап бойынша, 2020 жылы Ұлттық қордан алынатын трансферт көлемі 2 трлн теңгеден аспауы керек болған. Бірақ бұл тыйымның пәрменін Үкімет жаңа қаулымен жоя салды. Соның "арқасында" биыл Nur Otan Ұлттық қордан алатын нысаналы трансфертінің көлемін 1,8 трл теңгеге дейін ұлғайтты.

Дереккөз:inbusiness.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары