$ 443.85  474.3  4.8

Атырау облысында аурухана директоры студент баласына 2 миллион теңге «жалақы» берген

Бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге үкім етті.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының директоры, бірнеше жыл аудандық мәслихаттың депутаты болған Гүлсара МУТИЕВА бюджет қаржысын талан-таражға салғаны үшін айыпталды.

Оған қызметін өз мүддесіне пайдаланып, заңсыз әрекеттерге жол берді деген айып тағылды. Ол бақшашының күнделікті жұмысқа келмеуіне «кеңдік» танытып, міндетті жұмысын атқармайтынына көз жұма қараған. Ал оған жалақының дер кезінде аударылуын қадағалаған. Осылай еркінсіп жүрген 19 ай ішінде ол 600 мың теңгеден астам еңбекақы алған. Бұдан басқа, өзінің баласын ауруханаға тазалықшы жұмысына орналастырған. Ал ол сол кезде Алматыдағы университетте оқып жүрген. Тергеу барысында Мутиеваның ұлының 2020 жылдың тамызынан бастап 2021 жылдың маусымына дейінгі аралықта 2 млн теңгеден астам жалақы алғаны белгілі болды.

Құрманғазы аудандық сотының судьясы Б. Менситова сотталушы Г. Мутиеваны ҚР ҚК 361 бабы 1 бөлігі, 189 бабы 3 бөлігінің 2-ші тармағымен кінәлі деп тапты. ҚР ҚК 58 бабы 3-ші бөлігінің негізінде онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен судья Мутиеваға мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субьектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге үкім етті.  

azh.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары