$ 495.2  522.34  4.94

Досхан Жолжақсынов: Досым Иманғали Тасмағамбетовке қатесін бетіне айтқаным үшін көріспей кеткен кездер болды

Жақсы адамның ашуы шай орамал кепкенше дейді. Ашуы тарқаған соң қайта татуласып кеттік. Біз сынды да, шынды да айта алатын достармыз.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қазақтың халық әртісі, әйгілі актер Досхан Жолжақсынов жақында ғана 70 жылдық мерейтойын атап өткен еді. Актер коронавируспен ауырған кездегі қорқынышты жағдайлар жайында айтып берді. Өмір жолы туралы ойларымен бөлісті. "Дүмше молда", "өтірік психолог, тренерлердің" қызметі жайлы айтты. Одан бөлек Иманғали Тасмағамбетовпен достығы жайлы баяндады. 

Бұл туралы “Қасқа жол” бағдарламасында айтылды.

Досхан Жолжақсынов коронавируспен ауырып, ауруханада емделіп шыққан. Актер ауруханадағы келеңсіздіктер, салғырттық, дәрігерлердің кәсіби еместігін көріп қатты алаңдағанын айтты. 

“Өткен айдың күзінде қатты ауырдым. Үйде ыстығым көтеріліп жаттым. Он екі күн ауырдым. Біз президенттік емханаға тіркелгенбіз. Он екі күн дегенде мені емханаға алды. Бір күннен соң қаланың сыртына ауыстырды. Екпе салды, система салды. Бір күні үш шөлмек система бітті. Инесін алатын уақытта ешкімді таппай қалдым. Медбике де жоқ, дәрігер де жоқ. Айқайладым, дуалды ұрдым. Бір кезде шөлмекті қолыма ұстап, дәлізге шықтым. Еден жуып жатқан әйелден сұрадым. “Бір мұсылман бар ма? деп айқайладым. Ол кісі “қазір мен инені алып беремін” деді қолын етегіне сүртіп жатып. Ал медбикелер қандай дәрі салып жатқанын білмейді. Лабороториядағылар біледі дейді. Сондай жауапсыздықты көрдім. Ешкімнің жағдайына қарамайды. Екпе салып жүргендер жас студент қыздар. Дұрыс тамырға түсе алмайды. Ұмытып кетіп қалады. Сондай салғырттықты көргенде жаным ашыды. Менің күйім осылай болып жатыр. Қара халықтың жағдайы не болмақ деп ойладым”, – деді актер. 

Жолжақсынов он күндей ауруханада жатып емделіп шыққанын айтады. Алдымен пневмония, кейін коронавирустан емделген. Осал тұсы өкпесі болғанымен дерттен толық айықтым дейді өзі. 

Актер бүгінгі күні көбейген тренер, психологтердің кәсібіне сын айтты. Қара халық ертесі күні дана адамға айналып, ақыл айтып отырады деп ренжіді. 

“Баяғыда Сары әулие, қара әулиелер қаптап кетіп еді. Елді өзіне қаратып, өзіне табындырып, жұртты алдап, ақша жасады. Қазір солардың психолог-тренер дейтін түрлері шықты. Солардан айырмашылығы жоқ. Оқымаған адам бір күнде психологке айналып кетеді. Ақша жасаудың түрлі амалы. Адамдар соған сенеді. Бұл деген адамшошырлық жағдай. Психология деген кәсіп емес пе? Қазір екінің бірі психолог. Оларға сенетіндер де көп. Жұлдыз көбейіп кетті деп ренжімиз. Шындығында жұлдыз көп емес. Жұлдыз жасайтын адам көп. Талғамы төмен адам көп. Солар жұлдыз еместерді өздері жұлдыз қылады. Халықтың талғам деңгейі төмендеген сайын, жер бетінде жұлдыздар қаптай береді”, – дейді Жолжақсынов.

Актер өнерде бірталай азаматтармен етене араласып, жастық шақтан дос болып араласып келеді. Оның ішінде Төлеген Мұхамеджанов, Иманғали Тасмағамбетовты атауға болады. Алайда біз өтірік мәймөңкелемейтін, қатесін бетке айтатын достармыз дейді ол. 

“Біз баяғыдан доспыз. Біздің орта ерекше орта. Біз ештеңе жоқ кезде дос болған адамдармыз. Есепсіз достармыз. Бір-бірімізге сын айта алатын, өтірік мақтамайтын достармыз. Иманғали Тасмағамбетовке де қатесін бетке айтып, ренжітіп алған кездер болды. Ол кісі “апырай, қатты айттың, енді дос бола аламыз ба?” деп көріспей кеткен кездер болды. Кейін қайта сөйлестік. Жақсы адамның ашуы шай орамал кепкенше дейді. Ашуы тарқаған соң қайта татуласып кеттік. Біз сынды да, шынды да айта алатын достармыз”, – деді халық әртісі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары