Жаңалықтар 06.12.2021 сағат 06:24

«Мені тірідей көміп тастамақ болған»: Дулат Исабеков өміріндегі ерекше сәттерді еске алды

Өмір тарихын баяндаған қазақ жазушысы есімін бір емес, екі мәрте азан шақырып қойғанын айтып берді.
«Мені тірідей көміп тастамақ болған»: Дулат Исабеков өміріндегі ерекше сәттерді еске алды
Фото: ашық дереккөз
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Қазақтың танымал жазушысы Дулат Исабеков Нартай Аралбайұлының YouTube-каналына сұхбат беріп, қоғамдағы түрлі оқиғалар, жастардың шетел асуы, жемқорлық пен ұлтжандылық секілді мәселелерді тілге тиек етті. Одан бөлек, ол өміріндегі ерекше жайттар мен балалық шағы туралы әңгімелеп, сәби күнінде бір өлімнен қалай аман қалғанын баяндады. Жазушының айтуынша, кішкентай күнінде жақындары оны өлдіге балап, жер қойнына тапсырмақ болған екен, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі. 

Өмір тарихын баяндаған қазақ жазушысы есімін бір емес, екі мәрте азан шақырып қойғанын айтып берді.

"Азан шақырып қойған есімім - Нысанбай. Сөйтіп қойып, қайта өзгерткен. Мен Нысанбай Исабеков болар едім. Әкелеріміз Сырдың ар жағынан көшкенде іште кеткен екем. Сөйтіп, мені босанар уақытта атам қуғыншы жіберіп, "Дулат деген үлкен елдің құрметіне есімін Дулат қойсын" депті. Көреген шалдар ғой. Қайта азан шақырып, қайта Дулат деп қойды", - дейді ол.

Айтуынша, Дулат Исабеков дүниеге келген кезде, оның әкесі соғысқа кеткен. Артынша, көп ұзамай Сталинградтың түбінде қаза тапқан. Жазушының анасы денсаулығы болмағандықтан, сәби кезінде оны емізбей өсірген. Соның салдарынан болашақ жазушы әлжуаз, денсаулығы жоқ болып өседі. 

"Ол кезде не күй болды дейсің?! Үй суық, қазіргідей жағдай жоқ. Өзім әлжуаз боп өскем. Сөйтіп бір күні кешке демалмай қалған екем. Менің өліміме ешкімнің қабырғасы қайыспайды, себебі алтыншы баламын. Сырғакүл деген көрші кемпірге апам айтып, мына баланы дәлізге шығарып қойдық, қайтыс болды депті. Ешкім жыламаған. Анам да жыламаған, көнген болуы керек. Шелекте су қататындай күн суық болған дейді. Таңертең көр қазушылар молаға барып, көметін жерді қазып қойып күтіп отырған. Сөйтсе ана кемпір үйге келіп, баланы шығарыңдар, күтіп тұр деген соң, бетімді бір көрейін деп ашып қалыпты. Сөйтсем, мен бетіне қарап, тып-тыныш ыржиып күліппін. Ана кемпір: "Ойбай, мына балаң күліп жатыр ғой, Күміскүл" деп айғайлап жіберіпті. Сонда апам мені құшақтап алып ебіл-дебіл жылаған екен ғой. Енді сәл болмағанда көме жаздаған ғой. Бұл оқиғаны сол Сырғакүл ападан естідім", - деді ол. 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар