Полиция қызметкері пойыз астына түсіп қала жаздаған жолаушыны құтқарды. Оқиға видеоға түсіп қалған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі көліктегі Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
"36 жастағы Нұр-Сұлтан тұрғыны үшін 2022 жылдың 1 қаңтары екінші туған күніндей болды. Өйткені ол дәл осы күні пойыз астына түсіп қала жаздады. Полиция аға сержанты Саят Қадыров дәл уақытында келіп, көмек көрсетті. "Пресногорьковка–Павлодар" пойызының жолаушысы теміржол платформасында тұрған дүңгіршекке бару үшін вагоннан шыққан. Ол "Қарағанды-Қостанай" бағыты бойынша жүріп жатқан №327 жолаушылар пойызын байқамай қалған", - деді ведомство өкілі.
Жақын жерде тұрған полиция аға сержанты Саят Қадыров тез әрекет етіп, қайғылы оқиғаның алдын алған. Әйел өзін құтқарған тәртіп сақшысына алғыс айтты.
Қадыров бұған дейін ҰҚК шекара қызметінде қызмет еткені белгілі болды. 2018 жылдан бастап Курорт-Бурабай стансасында желілік полиция бөлімі патрульдік полиция тобының қызметкері ретінде жұмыс істеп келеді.
Көліктегі полиция департаментінің басшылығы көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Саят Қадыровты мадақтау туралы шешім қабылдады.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.