Шымкенттегі Өтегенов көшесінде орналасқан «Замартас» тойханасы өртенді деп хабарлайды Otyrar.kz. Оқиға бүгін таңертең орын алған.
Өрт сөндіру бөліміне хабарлама таңғы сағат 8 шамасында келіп түскен. Санаулы минуттардан кейін оқиға орнына 11 дана техника мен 70 өрт сөндіруші келіп жетті.
ТЖД құтқарушылары жетемін дегенше ғимараттың шатыры қызыл жалынға оранып, күлге айналуға шақ қалыпты. Абырой болғанда тойхана ішінде бұл сәтте ешкім болмаған, тиісінше зардап шеккендер де жоқ. Өрт сөндірушілер көп ұзамай отты ауыздықтап, түгел сөндірді.
Қазір мамандар тілсіз жаудың неден тұтанғанын анықтап жатыр. Белгілісі, сол күні түнде тойханада болған салтанатты шара кезінде ғимарат ішінде отшашу атылған. Алдын ала болжам бойынша, фейерверктің ұшқыны ғимарат шатырындағы жанғыш затқа тиіп, ол таңға дейін бықсып жанған көрінеді.