Ауруханада 5 ай бойы жалғыз өмір сүрген 1,5 жасар Тәңірбергеннің әкесі Мейірбек Тілепбаев жарты жыл бойы қайда болғанын айтып берді. Ол осы уақыт аралығында жұмыс істеп, ақша табуға тырысқан. Сөзіне қарағанда, әйелі тастап кеткен соң, жалғыз баласына керек-жарақ заттар аламын деп жүргенде пәтерақасын төлей алмапты. Ақырында далада қалып, ақшаны қайтарып беремін деген уәдемен құжатын пәтер иесіне кепіл ретінде тапсырған. Сол шақта полицейлердің қолына түсіп, сәбидің әкесі екенін дәлелдей алмапты. Ал Тәңірбергеннің анасы туған жері Қырғызстанға кетіп қалған көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Тағы оқыңыз: Ауруханада жатқан баланың әкесі табылды
Әйелі тастап кеткен түні Мейірбек баланың жылаған даусынан оянған. Қарны ашып тұрған Тәңірберген ол кезде небәрі 7 айлық болыпты.
"Әйелімнің қайда екенін білмеймін, түнде ұрысып қалдық, таңертең кетіп қалды. Таңғы 5-ке жуық баланың жылағанын естіп, әйелімді түртпек болдым. Сол кезде жоқ екенін көрдім", - деді Мейірбек Динара Сәтжанға берген сұхбатында.
Тағы оқыңыз: 5 айдан бері ауруханада жалғыз жатқан 2 жасар сәбидің әкесі сұхбат берді
Сөзіне қарағанда, жұбайының Қырғызстанда бірінші некесінен туған ересек қызы бар. Әңгіме арасында жары туған жеріне қайтқысы келетінін сан мәрте айтыпты.
"Мен алдымен ақша жинап алайық, сосын барып қызыңды алып келеміз, дейтін едім. Әпкесі ретінде балаға қарайласып, көмектесер еді. Қызды бөлектемей, бауырыма басатын едім", - дейді Тәңірбергеннің әкесі.
Бұдан кейін баласын өздігінен бағуға тырысқан әке құрылысқа жұмысшы болып орналасады. Ұлын өзімен бірге жұмысқа алып барады. Алайда көп ұзамай бұлай жұмыс істеу мүмкін емес екенін түсінеді.
"Баламды арбаға салып, жаяу барып келетінмін жұмысқа, жол-жөнекей ойын алаңдарында баламды ойнатып, соған қарап отыратынмын. Маған сол бақыттың өзі жететін еді. Мемлекеттік органдарға, ХҚКО-ға бардым. Қайда барсам да, есікті алдымнан жауып қоятын. "Айналайын, бірінші ананы әкел, мынаны әкел" деп кері қайтаратын. Содан кейін мен баруды қойдым, өз жолыммен кеттім. Бірақ мен ұлымды ұмытқан жоқпын, шамам келгенше барып тұрдым. Дәрігерлер растай алады. Өзіме ештеңе алмасам да, бірінші кезекте балаға не керек, соны апарып беріп тұрдым. Ол йогуртты қатты жақсы көреді. Әйелім тастап кеткелі бері мен оны йогуртпен тамақтандырып келдім.
Анасы тастап кеткен соң, бала қыңыр мінез көрсете бастады. Емшектегі бала еді, қасынан кетіп қалсам, жылайтын. Құрылыста жүргенде бастығым: "Балаңды бір жақты қылып ал, бұлай болмайды" деді. Сосын анама бардым", - дейді Мейірбек Тілепбаев.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.