Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасы және Ішкі істер департаменті «Темекі түтінінен еркін Қазақстан үшін» Ұлттық коалициясымен бірге қоғамдық орындарда және көлік ішінде темекі шегу жөніндегі шағымдарды тәулік бойы тіркеп отыратын «SkunsCamera» жедел желісін құрды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
«Темекі түтінінен еркін Қазақстан үшін» Ұлттық коалициясының мәлімдеуінше, енді әрбір алматылық қоғамдық орындарда оның таза ауамен тыныс алу құқығы бұзылатын болса, тіпті түнгі уақытта болсын 302-83-83 телефонына қоңырау шалу арқылы өз шағымын қалдыра алады.
Бастамашыл топтың мәліметінше, қоғамдық орындарда, оның ішінде көлікте қорқор мен темекіні шегуге салынған тыйымның жаппай бұзылуы жедел желіні құруға себеп болып отыр. Бұған дейін белгілі болғандай, Алматының мейрамхана иелері темекіге қарсы заңнаманы бұзу бойынша көш бастап отыр. Олар «темекі шегуге арналған орын» деп көзбояушылық жасап, темекі шегетіндерге арнап толықтай бірнеше залдарды беріп қойған.
Мәселен, жазғы рейдтердің нәтижелері мейрамхана иелері Алматы қаласын «темекі шегетін орынға» айналдырғанын айқын көрсетті: тексерілген 10 мекеменің 8-і қоғамдық орындарда темекі шегуге салынған тыйымды ашықтан-ашық бұзып отыр. Қаланың тексерілген жеті ауданының ішінде заң бұзушылардың ең көп шоғырланған жері Медеу және Алмалы аудандары болып табылады. Мұнда теңдей дәрежеде темекі мен қорқорды шегушілерді табуға болады. Осы ретте санитарлық дәрігерлердің «індет жұқтыратын ұя» деп таныған қорқорды шегушілер тобын негізінен жастар мен жасөспірімдер құрайды.
Сонымен қатар, телефонға келіп түсетін шағымдар «қара тізімдер» түрінде www.skuns.kz сайтында онлайн тәртіпте орналастырылатын болады. Осы тізімдер полицияның тұрақты рейдтік тексеру шараларын өткізуіне және айыппұл салуына негіз болмақ. Осы ретте шағым жасаушылардың аты-жөні және онымен байланысу туралы ақпарат сайтта көрсетілмейді.
Сонымен қатар, Алматы қаласының Ішкі істер департаменті темекі шегуге салынған тыйымды қайта бұзған заңды тұлғаларға заңды бұзуға септігін тигізген себептер мен жағдайларды жою туралы ресми ұсынысты бере отырып, 40 АЕК мөлшеріндегі айыппұлмен жазалайтын болады. Үлкен мөлшердегі айыппұлға қоса, заңды қасақана бұзушыларға қоғамдық арнайы «анти-сыйлық» - «SkunsCamera» логотипі бар «қара таңба» жұртшылықтың көзінше тапсырылатын болады. Қазіргі таңда Коалицияның «қара тізіміне» Алматы қаласының 100-ден астам мекемесі енгізілген, олардың ішінде «Cafeteria», «Бочонок» АВ мейрамханалар желісі, «Ассорти», «Vertolet», «Теплица» мейрамханалар желісі, «XO», «Skybar» барлары және басқа да ірі қоғамдық тамақтану мекемелері көш бастап тұр.
Сондай-ақ, іс-шараның әлеуметтік маңыздылығын арттыру үшін жедел желінің операторлары ретінде үйінен шыға алмайтын, алайда өзінің жұмысы арқылы қаланың өміріне қатысып, оған әсер ете алатын 1 топ мүгедектері де жұмысқа тартылған.
Жедел желіні ұйымдастырушылар жақын уақытта рейдтік іс-шараларды күшейтіп, қаланы темекі мен қорқордың түтінінен «тазартуға», ал «SkunsCamera» «анти-сыйлығын» мейрамхана бизнесінің «тазалығы мен адалдығының» белгісіне айналдыруға ниетті.