11.02.2022, 02:30

Қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған танымал вайнер халыққа үн қатты

Фото: Tengrinews.kz
Блогердің айтуынша, қаржылық пирамиданы құруға және басқаруға оның қатысы жоқ.

Қаржы пирамидасын құрып, оны басқарды деген күдікке ілінген вайнер Мейіржан Төребаев мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Блогердің айтуынша, қаржылық пирамиданы құруға және басқаруға оның қатысы жоқ.

"Мен қылмыстық іс аясында жәбірленуші ретінде танылдым. Салымшы ретінде полицияға арыз жаздым. Мен Mudarabah Capital компаниясын құрған жоқпын және оған қатысқан жоқпын, оны басқармадым. Директор, басқарма төрағасы, аппарат қызметкерлері болды. Мен онда жұмыс істемедім. Менің басқа бизнесім бар. Қаржы саласында ештеңе түсінбеймін, сондықтан оларға сеніп, алданып қалдым. Барлық зардап шеккен салымшы сияқты мен де ақша салдым, полицияға жүгіндім, әзірге ақшам қайтарылған жоқ", - деді Төребаев.

Сондай-ақ, ол неге Mudarabah Capital құрылтайшысы емес екенін түсіндірді. Вайнер бұл компания 2020 жылдың мамырында құрылғанын айтты.

"Оған еш қатысым жоқ: 2020 жылдың қыркүйегінде ақша салып, төлемді күттім. 2020 жылдың қарашасында Mudarabah Capital директоры салым сенімді екеніне күмәнданбауым үшін ЖШС қатысушыларына қосылуды ұсынды. Мен одан да көп ақша салуды жоспарлап жүргендіктен, келістім. Мен компанияға тек 2020 жылдың қарашасында, ол нарықта белсенді жұмыс істеп тұрған кезде ғана қосылдым.

Маған қаржы пирамидасы схемасын ұйымдастырды, құрды немесе басқарды деу әділетсіздік. Бұл мүлдем бос сөз: барлық ақпарат бар, бәрін eGov сайтында тексеруге болады. Менің ойымша, полиция қоғамдық пікірді қолдан жасап отыр. Өйткені полиция мен билікке халықты қолдап белсенді мәлімдеме жасағаным ұнамайды және олар мені қылмыстық іске араластырғысы келеді. Осы мені қынжылтады. Мен мұның артында кім тұрғанын да болжап, біліп отырмын. Арамызда бұрыннан жанжал бар, ол туралы естіген де шығарсыз", - деп қосты ол.

Төребаевтың айтуынша, заңға сәйкес ЖШС қатысушылары мен құрылтайшылары директордың (атқарушы органның) әрекеті үшін жауап бермейді.

"Бұл нағыз қисынсыз дүние - директордың заңсыз әрекетіне компанияда отырғандарды кінәлау. Бұл бәріне түсінікті. Қазір бұған жол берсек, бұл қауіпті мысал болады. Компаниядағы барлық шешімді, соның ішінде ақшаны жұмсау туралы шешім қабылдаған директордың орнына қатысушыны соттайды. Егер мен бұл қаржы пирамидасы екенін білсем, осынша үлкен сомада ақша салар ма едім? Бұл анық емес пе?

Жарнама үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту, менің ойымша, популистік көрініс. Онда осы қисынға сай, зорлық-зомбылық көріністеріне түсетін бүкіл әртістерді түрмеге жабу керек пе? Қолданыстағы заңнамада қаржылық пирамиданы жарнамалау үшін әкімшілік жауапкершілік бар. Ол қаржы (инвестициялық) пирамидасының жарнамалық қызметін өндіру, тарату және орналастыру жауапкершілігін қарастырады. Сол жеткілікті", - деп түйіндеді блогер.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

Тегтер: блогер