$ 494.87  520.65  4.91

Қаңтар дүрбелеңі

Жаңа Президент бірден митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін алға тартты.
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

«Қанды қырғын» сабағы: Жаңа Қазақстанға бетбұрыс

Киелі тәуелсіздігіміз бен ұлттық тұтастығымызға тұтқиылдан төнген бұл қатерлі қауіп кім-кімді де  алаңдатып, біраз әбіржіткені рас.

Алдымен төтенше жағдай жарияланып, артынша жүріс-тұрыс шектеліп, ғаламтор бұғатталғандықтан, тылсым әлемге түскендей, бейбіт өмір мен тыныштықтың қадірін шын түсінгендей  болдық. Тек ақпараттық «аштықтан» аласұрдық.  Төрт қабырғада қамалып, қапас  күйде ара-тұра қолға түскен хабарламаларды зерделеп, орын алған оқиғалардың себеп-салдарын топшылауға тырыстық.

Сол сәт Мұхтар ақынның әйгілі  дастанындағы «алты ай бойы ерлiк салтқа төрiн берген, алты ай бойғы алапатта жeңiлмeген, алты-ақ күнде жермен-жексен қираған Отырардың» тағдыры ойға оралды.

Отыз жыл бойы әлем елдері үшін татулық пен келісімнің Отаны, бейбіт өмірдің өнегесі  болып келген Қазақ Елі екі-ақ күнде бүлікшілердің  құрсауында қалды. Неге?

Осы сауал күні бүгінгіге дейін көкейде тұр.

 Қатер мен қасірет

 2022 жылғы қаңтар айының алғашқы аптасы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қатерлі де қасіретті кезең болып  таңбаланары сөзсіз.

Бейберекет аласапыран дүрбелеңде алаңсыз бейбіт шеруге шыққан, көшеде жолаушылап жүрген, Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге бұйрық алған  жасы бар, жасамысы бар қаншама азаматтарымыз оққа ұшып, қабырғамыз қайысты. Сол бір қасіретті күндері құрбан болған марқұмдардың отбасына, жақындарына тағы да көңіл айтамыз. Күні кеше ғана еліміздің барлық мешіттерінде, ұлтым деген әр шаңырақта қаңтар оқиғасы кезінде  қайтыс болған азаматтардың рухына арнайы Құран бағышталды. Қабыл болсын дейік.  Елордадағы Хазірет Сұлтан мешітіндегі рәсімге қатысқан Президент «Мемлекет қаралы шаңырақтарды қараусыз қалдырмайтынын, қайтыс болған азаматтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуді тапсырғанын» айтты.

Иә, сұрқай сейсенбі мен сұрапыл сәрсенбідегі қанды қырғынға назалы ой  сананы қамшылап, көңілді небір уытты сауалдар   мазалайды.

Батыс әлемінің сұрқия саясаткерлері үшін бұл – демократия.

Бірақ демократия дегеніміз «қасіретті қаңтардағыдай» шектен шыққан жүгенсіздік емес!

Біз үшін бұл – ұлт трагедиясы, нағыз қасірет.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы  – дамудың демократиялық моделі болғандықтан, ол билікке келгенде, қоғамды бір серпілткені рас. Жаңа Президент бірден митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін алға тартты. Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында-ақ Ата Заңға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар екенін, егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын болса және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажеттігін, онда да  мұндай орындар қаланың шетінде болмауы керектігін шегелеп айтты.  Демократия деген желеумен қоғамға іріткі салатын әрекетке жол  берілмейтінін де негіздеп берген сонда.

Сондықтан әрбір азамат сөз бостандығы мен демократияның мән-мағынасын дұрыс түсінгені абзал.

Жүгенсіздіктер орын алған жағдайда интернеттің бұғатталуы заңдылық, мұны қарапайым адамдарды фейктік ақпарлармен арандатудан қорғайтын қажеттілік деп түсіндік.

Оқ пен оттың ортасында жүрген әріптестеріміздің телеарналар арқылы берілген ресми ақпараттарынан, смартфоннан куәгерлердің әлеуметтік желілердегі бейнежазбаларынан содырлардың сойқан сотқарлықтарын, басбұзарлардың  небір қанішерлік әрекеттері мен зұлымдықтарын көріп, жаға ұстадық.

Жасөспірім жауынгерлерді топтасып тепкілеп жатқан лаңкестерге лағнет айттық.

Ғимараттарды өртеп, мұқтаждарға көмекке ұмтылған өрт сөндіру мен  "жедел жәрдем" машиналарына шабуыл жасап,  көшеде кетіп бара жатқан жекеменшік көліктерді тоқтатып, жүргізушілерін сыртқа шығарып алып, аяусыз сабап жатқан  бұзақыларды іштен тына сыбадық.

Жоқ, бұларды бейбіт шерушілер деуге қисын келмейді...

 Қауіпсіздік – бәрінен жоғары

 Өкініштісі сол, мемлекетке қауіп төндіретін сын-қатердің кез келген қиындығына төтеп беру міндеттелген елдің кейбір күштік құрылымдары мұндай зұлымдық  әрекеттердің алдын алуға, оған қарсы тұруға дайын болмағаны екіұшты ойға жетелейді. Бұл билікке саботаж ба әлде сатқындық па? 

Президент айтқандай, Ұлттық қауіпсіздік комитеті құзырлы орган ретінде мемлекетке төнген бұл қауіптің алдын алмағаны былай тұрсын, бірқатар қалада тіпті ҰҚК департаментінің басшылары жеткілікті әскери арсенал болғанына қарамастан, қызметтік ғимараттарды ондағы қару мен құпия құжаттармен бірге соғыссыз тастап кеткенін қалай түсінеміз?

«Жағдай ушыққан сәтте құқық қорғау органдары әскерлерінің бірыңғай іс-қимыл жоспары болған жоқ. Бәрінде абдырау, жаңылысу болды. Олар жауапкершілікті мойынына алуға қорықты. Өйткені Жаңаөзендегі оқиғадан соң мұндай жағдайларда тәртіп сақшыларын бұғаулаған заңдар қабылданған болатын. Мен жауапкершілікті өз мойныма алдым. Иә, жұрт қорқып кетті. Алайда мен үшін мемлекет пен азаматтарымыздың қауіпсіздік мүддесі бәрінен жоғары», – деді Президент.

Ақиқатын айтайық, тәуелсіздік дәуірінің 30 жылы ішінде елімізде қол жеткізген жетістіктеріміз ауыз толтырып айтарлықтай. Олар жөнінде  көп айтылып, мол жазылғандықтан атын атап, түсін түстеп, тізбектеп жатудың қажеті болмас.  

Дегенмен, жасампаздық жылдар деп аталған осы кезеңде қоғамда, әсіресе, әлеуметтік-тұрмыстық салада ел тəуелсіздік алғалы бері шешімін толық таппаған түйткілдер мен  қордаланып қалған өзекті мәселелер қатары да тым жетерлік еді.

Отыз жыл бойы Қазақстанды басқарған Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатқаннан кейін, Ата Заңға сəйкес ел тізгінін қолына алған  Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасына қазақ қоғамын алаңдатқан сол мәселелерді арқау еткені жүректі толқытты, көңілге үміт ұялатты. Ол реформатор ретінде  саяси трансформациясыз Қазақстанның табысқа жете  алмайтынын жақсы білді. Өзі The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында тұжырымдағандай, «саяси реформаларсыз экономикалық реформалар ілгерілемейді».

Жасыратыны жоқ, қоғамда күні бүгінге дейін шешімін халық көптен күтіп жүрген  қарапайым мәселелер аз емес еді. Президенттің әділетті қоғам құруға, азаматтардың табысын арттыруға, тұрмысын жақсартуға, жемқорлықты түбірімен жоюға, жастарды мемлекеттік басқаруға араластыруға, жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға, өңірлерді дамытуға, мемлекеттің байлығын бүкіл халықтың игілігіне жаратуға бағдар алды, оларды кезең-кезеңмен шешуге уəде берді. Нәтиже көп күттірмесі анық.  

«Тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын», – деді Президент.

  Солай болды да.

 Ұлттық мүддені ұлықтау

 Мемлекет басшысының жанынан елдегі барлық саяси күштерді топтастырған  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Кеңес билік пен халық үндестігінің өзегіне айналды. Үш жылға жуық уақыт ішінде билік қоғамдық ортада пікірталасқа түсіп, көптен шешімін таппай  жүрген бірқатар  өзекті  мәселелердің нүктесін қойды. Ұлттық мүдделер ұлықталды. Мәселен:

  • Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды. Талай жылдан бері  қазақ халқының  «бас ауруына»  айналған жер дауы біржола  шешілді. Президент шетелдіктерге Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған жерлерді сату немесе жалға алуға тыйым салды. «Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет», - деді Мемлекет басшысы.
  • Бұдан бөлек, қос азаматтық алуға тыйым салынды.
  • Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ көп балалы аналарға  берілетін жәрдемақы мен ең төменгі жалақы  көлемі өсті. Дәрігерлер мен ұстаздар еңбегі де ұлықталды, құрметтелді.
  • Бірқатар əлеуметтік санаттағы азаматтардың (көп балалы, мүгедек баласы бар, асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы əлеуметтік көмек алушылар жəне жетім балалар) қарыз жүктемесін жеңілдету қарастырылды. Шарт бойынша несиенің көлемі 300 мың теңгеге дейінгі қордаланған негізгі қарызы мен соған есептелген сыйақысын мемлекет  өз мойнына алды. Мұқтаж адамдар қамқорлыққа бөленіп, оларға жан-жақты көмек, қолдау көрсетілді.  
  • Президент Үкіметке «ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ» қағидаты бойынша жұмыс істеуді аманаттады.

 Қосарлы билік – халыққа қиянат

 Бұл жерде көпшіліктің көкейінде әбден «қатталған» мына бір мәселені айтпай кетпеуге болмас. 2019 жылғы билік транзитінен кейін кешегі «қаңтардың  қасіретті күндеріне» дейін елімізде екі институт  –  Елбасы және Президент билігі  қатар өмір сүріп келді. Бәлкім содан да болар, саяси кеңістікте  көпке дейін  қайшылыққа толы долбарлар  айтылып жүрді. Қосарлы билік – халыққа қиянат. Ол  бойкүйездікті, жалтақтықты, күдік пен күмәнды қалыптастыратыны белгілі.  Соның салдарынан Мемлекет басшысының тапсырмалары Үкімет тарапынан  уақытылы орындалмады,  нақтылы шешімдердің қабылдануы да кешеуілдей берді. Маминнің Үкіметі Президент аманатына қиянат жасағаны аян. Шындығы сол, сенім үдесінен шыға алмай кәсіби біліксіздік танытты. Бұның бір дәлелі  және Мамин үкіметінің басты қателігі – еліміздің батыс өңірінде сұйылтылған газ бағасының кенеттен қымбаттауына жол беріп алды. Ұшқыннан жалын лаулаған тұс осы болды.

Бәрі де газ қымбатшылығына наразылық танытып, негізсіз өскен бағаны төмендетуді талап еткен қараша халықтың 2 қаңтардағы  бейбіт шеруінен басталды. Материалдық жағдайы нашарлаған халық наразылық білдіріп, талап-тілектерін Үкіметке жеткізу үшін бейбіт митингке шықты. Әлеуметтік сипаттағы талаптардың соңғы жылдары әбден жинақталып қалғанын ешкім жоққа шығара алмас. Бұл көңілі онсыз да жарымжан жүрген халықтың наразылығын күшейтті. Үкіметтен көкейтесті әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуді талап етіп, митингке шыққан маңғыстаулықтардың үндеуін ел көлемінде қолдаушылар қарасы сағат сайын өсе түсті. 

Үкіметтің шарасыздығын бағамдаған Мемлекет басшысы төрелікке тікелей өзі араласты, митингке шыққан азаматтардың газ бағасына, азық-түлікке, коммуналдық төлемдерге қатысты талап-тілектерін оң шешуді міндеттеді. Алайда, дұрыс шешім қабылдай алмаған жалтақ үкіметтің салғырттығынан жағдай одан әрі  ушығып, мұның соңы қаңтар қасіретіне алып келді. Өкінішке орай, бұл кезде лаңкестер мен арандатушылардың айтақтауымен әлеуметтік-тұрмыстық  талаптарға негізделген шерулер еліміздің басқа да аумақтарын шарпып үлгерген еді...

 Аласапыран апат алаңы

 4-5 қаңтарда бір мезгілде бірқатар аймақтарда бейбіт митингке шығушылар арасына қаруланған белгісіз содырлар, лаңкестер мен бұзақы топтар қосылып, дүние әп-сәтте астан-кестен болғанын көз көрді, құлақ естіді.

Күні кеше ғана тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының сән-салтанатына бөленіп, ажарланып тұрған алып шаһар – Алматы екі-ақ күнде аласапыран апат алаңына, қантөгіс аумағына айналғаны жанға батты. Түптеп келгенде, бұл киелі құндылығымыз – Тәуелсіздігімізге жасалған қастандық!

Мемлекет басшысы атап өткендей,  бұл еліміздің конституциялық құрылысына нұқсан келтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатымен Қазақстанға шабуыл жасаған халықаралық лаңкестер мен бұзақылардың мұқият дайындаған операциясы еді.

«Өкінішке қарай, бүгінде халық арасында осы оқиғаға байланысты түрлі қарама-қайшы, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар тарап кеткенін көріп отырмыз. Мұның, әрине, бірнеше себептері бар: кейбір азаматтарымыз ахуалды егжей-тегжей білмей тұрып, қате пікірде болса, кейбірі әдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырады. Бірақ, бізге керегі – тек ақиқат қана.Сол себепті, оқиғаларды мұқият зерттей отырып, айтарым: жыл басынан бері орын алған барлық жағдайлар – бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар. Ашығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені – өздерінің қатігез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық»,– деді Президент.

Жас тәуелсіз мемлекеттің бүгінгі жетістіктерін көре алмай, сырттан көз алартып  жүрген сұғанақтар мен шеттегі күштер мемлекеттік төңкеріс жасап, елді бөлшектеуді көздегені анық. Осы ретте кейбір сарапшылардың «бұл нағыз ұлттық сатқындықтың, ұлтқа опасыздықтың көрінісі» деген тұжырымы да шындыққа саятындай. Егер бізде сонау бір жылдарда көршілес қырғыз еліндегі Ақаев сценарийі қайталанса, елде нағыз хаос орнар еді. Жүгенсіздік пен опасыздық қамытын кигендер қарапайым тұрғындардың бейбіт шеруін өз мақсаттары үшін пайдаланбақ болды. Митингке шыққан тұрғындар арасына сынапша енген арандатушылар мен лаңкестердің, террорлық әрекеттің айла-тәсілін шебер меңгерген содырлардың бүкіл ел бойынша жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, билікті басып алуды алдын ала ойластырғанын олардың зұлымдық әрекеттері айғақтап тұр.

Қаңтар оқиғасын ой-сүзгіден өткізіп, куәгерлердің әңгімесіне зер салсақ,  агрессияны ұйымдастырушылардың алдын ала дайындықтан өткендігін пайымдаймыз, оларда қару да, бір-бірімен қашықтан байланыс ұстауға арналған рация-құрылғылар да болған, әрбір іс-қимылдарын межелеп, кеңесіп отырған.  Содырларға түрлі ағаш, темір-терсекпен қаруланған бұзақы топтар да қосылған. Лаңкестер жолындағының бәрін қиратып, өртеп, қоғамдық тәртіп сақшылығында тұрған, жастары небәрі 18-19-ға толған өрімдей жап-жас, қарусыз курсанттарды және өздерінің қатарына қосылудан бас тартқан бейбіт шерушілерді аяусыз ұрып-соққан. Мемлекеттік мекемелерге, құқық қорғау органдарының ғимараттарына, жол бойындағы бизнес нысандарына, жеке және қоғамдық көліктерге шабуыл жасап, қарақшылық жасаған.

 Бес анық

 Міне, айдың-күннің аманында елдің оңтүстік төрін бүлікшілер билеп-төстеп, осындай алапат ойран белең алғанда, барлық өңірлерді дүрліктірген дүрбелеңде Мемлекет басшысы бүкіл билік тізгіні мен жауапкершілік жүгін толыққанды өз мойнына алып, дұрыс шешімдер қабылдай білгенін айтқан жөн.

Біріншіден, содырлардың заңсыз әрекеттерін қатаң айыптап, биліктің құламайтынын, сын сағатта халықпен бірге болатынын мәлімдеді. Қасіретті күндерде күні-түні резиденциясында болып, елдегі жағдайды бақылап, шұғыл шаралар ұйымдастырды. Жағдай ушығып бара жатқаннан кейін Төтенше жағдай енгізу туралы шешім қабылдады.

Екіншіден, халыққа арнаған Үндеуінде мемлекетіміздегі ең жоғары лауазымды тұлға және Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде  дербес шешім қабылдайтынын мәлімдеді. «Бұзақы топтардың әрекеттері жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Бұл қаржыландырылған бүлікшілердің жан-жақты ойластырылған жоспары екенін дәлелдейді. Бұл – қаскөйлердің қитұрқы әрекеті. Сондықтан Мемлекет басшысы және бүгіннен бастап Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде барынша қатаң әрекет етемін. Бұл – өмірін қорғап қалуға өтініш білдірген көптеген азаматымыздың қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұл – мемлекетіміздің қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Халық мені қолдайтынына сенімдімін. Қандай жағдай болса да, мен елордада боламын. Халықпен бірге болу – менің Конституциялық міндетім», - деп қадап айтты. Осы сөзі арқылы елді жайлай бастаған хаостық дүрбелеңнің жолын кесті, бұқаралық үрейге жол бермеді.  Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қайта құру және нығайту шараларын қарастырып, халықтың, қоғам мен мемлекеттің қорғалу деңгейін арттыруға күш салды. Ұлттық қауіпсіздік жүйесін реформалауға бағытталған нақты шешімдер қабылдады.

Үшіншіден, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа сүйене отырып, ҰҚШҰ мемлекеттерінің бітімгерлік күштерін Қазақстанға  көмекке  шақыруы – дер кезінде дұрыс қабылданған ұтқыр шешім. Бұдан сәл кешіккенде Қазақстан аумағында  елдегі жағдайды тағатсыздана  жіті бақылап отырған  ауған  содырлары да бой көрсетер еді  деген   болжам айтады  сарапшылар.

Осы мәселеге қатысты бастапқыда түрлі жаңсақ пікір болғаны рас. ҰҚШҰ  контингентінің  ел аумағына келуі тәуелсіздіктен айырылудың басы деген пікірлер де болды. Шынтуайтына келгенде, Қазақстан – бұл ұйымның  толыққанды құрылтайшысының бірі. Сондықтан елдегі қиын жағдайға байланысты ұйымның барлық мүшелерінен жасақталған бітімгершілік контингенті Қазақстанға уақытша мерзімге ғана келіп, ұжымдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысты. Бітімгерлік күштердің негізгі миссиясы – Қазақстандағы стратегиялық нысандарды күзету және ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсету. Ал, еліміздегі стратегиялық нысандарды ҰҚШҰ әскерилері қорғағандықтан, Қарулы Күштеріміз тікелей лаңкестік топтар көп шоғырланған нүктелердегі қылмыскерлердің көзін жоюға мүмкіндік алды. Ал, жағдай тұрақталған бойда ҰҚШҰ миссиясы аяқталып, контингент әскерлері елдеріне қайтқаны белгілі.

 Төртіншіден, Президенттің халық үніне құлақ асып, Үкіметті бірден доғарысқа (отставкаға) жіберуі – соңғы отыз жылдық тарихта болмаған теңдессіз жағдай. Билік халыққа бұрылды. Адами капиталға, экономикалық секторға, әлеуметтік салаға басымдық берілді. Президент тапсырмасымен жаңа  Үкімет талай қазақстандықтарды алаңдатқан утильдік алым жинауды ретке келтіретін болды. «Оператор РОП» жеке компаниясының қызметі тоқтатылды. Салықтық текетірестің тағы екі ошағы – Қорғас кедені мен «Алтын Орда» базары қатаң  бақылауға алынып, тексеріс жүргізілуде. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң» қабылданбақ. Бұл заң қабылданса, несие алушылардың жалғыз баспанасынан айырылуына, бала-шағасымен далада қалуына жол берілмейді. Мемлекет ішіндегі мемлекетке айналған «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын  реформалау да күн тәртібінде тұр. Квазимемлекеттік сектор түбегейлі өзгереді деген үміт бар. Ауыл шаруашылығы саласында субсидияның әділ әрі ашық түрде берілу ережелері қаралмақ. Ол қолжетімді болуы керек. Күзге қарай саяси реформалар басталмақ. Екі айдың ішінде Үкімет халықтың тұрмысын жақсарту бағдарламасын қабылдауы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылды. Бұл жобаның   ешбір мемлекеттік органға қарамайтын, дербес, нағыз халықтық сипатта болатыны құптарлық. Қордың қызметі мен бюджеті халық үшін  ашық болады. «Қазақстан халқына» қорына еліміздегі ірі бизнес нысандары, ауқымды компаниялар мен ауқатты тұлғалар жүйелі түрде аударым жасап тұруы тиіс. Президент айтқандай, халықтың  өзіне тиесілі үлесін алатын кезі жетті.

Қордың міндеті: денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қосымша қамтамасыз ету мәселелері бойынша ел халқына қайырымдылық көмек көрсету;  төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимін енгізу кезінде Қазақстан Республикасының зардап шеккен халқына көмек көрсету; халықтың әлеуметтік осал топтары және осал топ балаларына спорттық инфрақұрылымның дамуы және қолжетімділігін арттыру бойынша жәрдемдесу;Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары, арнайы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасыларына және басқа да көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу, қолдау;  Қор қызметінің басқа бағыттары бойынша қайырымдылық көмек көрсету.

Отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуде Президент халықтың ашу-ызасын туғызып  жүрген бірқатар өзекті мәселелерді дөп басты. Аз ғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіргенін атап өтті.  Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкіндігін ескертті. Жиында ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айтылды. Президенттің пайымдауынша, бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұр. Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін, халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтынын, мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін еместігін, бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтып, халық игілігі үшін жағдайды дереу өзгерту қажеттігіне маңыз берді. «Елбасының арқасында өте бай адамдар пайда болды, енді олардың халыққа көмектесетін кезі жетті»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент әлеумет айтып жүрген «миллиардтар жеке қалталарға емес, мемлекет қазынасына  құйылуы тиіс» деген қағидатты орындауға пәрмен берді.

 Бесіншіден, құқық қорғау органдары мен армияға ескертусіз оқ атуға бұйрық  берілгендіктен, бейбіт тұрғындар арасынан көп адам қырылып қалды деген  тұжырым негізсіз. Өйткені,  қаңтар қырғынының негізгі оқиғалары лаңкестер  зұлымдықпен ойран салған 4-5  қаңтар күндері орын алды. Ал, бұған дейін күн сайын дерлік мемлекеттік телеарналар арқылы ел алдына шығып, Үндеу жариялап, қылмыстық әрекетке бармауға, сабырға шақырып келген Президент қаныпезерлердің шектен шыққан жойқын жауыздықтарын көргеннен кейін ғана, тек 7 қаңтар күні содырларға қарсы ескертусіз оқ ату туралы бұйрық бергені белгілі. Оқиғалар хронологиясына жүгінсек, сол күні түскі сағат екі жарымда Қазақстан халқына кезекті Үндеуінде Президент: «Террористер мемлекеттік және жеке азаматтардың дүние-мүлкіне әлі де залалын келтіріп, азаматтарға қарсы қару қолдануда. Құқық қорғау органдары мен армияға ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім. Күштік құрылымдар бұл міндетті моральдық және техникалық тұрғыдан орындауға дайын», - деді.

Егер содырлардың  қанқұйлы әрекеттеріне қарсы осылайша шұғыл шара қолданылмағанда, қазіргі қолда бар деректерден де көп бейбіт тұрғындар зардап шегіп, тәуелсіздігімізге қатер төнгендей еді. Президенттің бел шеше араласуынан  кейін ғана еліміздің күштік құрылымдары іске кірісіп, лаңкестермен күрес шаралары басталды. Олардың жанкешті іс-қимылының арқасында төңкеріске жол берілген жоқ, антитеррорлық операция табысты аяқталып, құқықтық тәртіп қалпына келтірілді.

 ***

Ендігі басты мәселе – қауіптің беті қайтқанмен де, бәріміз бұл қасіретті де қатерлі дүрбелеңнен  сабақ алуымыз керек. Әлбетте, билікті күшпен басып алу мақсатында террорлық агрессияны  ұйымдастырған кінәлілер анықталып, жауап­кер­шілікке тартылары сөзсіз. Тек әрбір қаралатын іс бойынша тергеу-тексеру жұмыстарды ақиқат заңдылығына негізделіп жүргізілгені жөн, жазықсыз  азаматтар зардап шекпеуі тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысының позициясы да айқын, күштік құрылымдармен өткізген жиналыста ол бейбіт тұрғындарды қудаламау туралы тапсырма берді  және жауапкершілікті ауырлататындай жағдайлар болмаса, жазаны жеңілдету қажеттігін  ескертті. Жалпы, қаңтардағы қақтығыстың себеп-салдары әділ әрі ашық зерттелгені абзал.

Қалай болғанда да, осынау сын сағатта Президенттің жеке басына төнген қауіптен тайсалмастан, елдегі ахуалды тұрақтандыру жолында ұтқыр қадамдарға барғаны бәрімізді жігерлендірді. Ол биліктің барлық тармағының жұмысын үйлестіріп, Қазақ Еліне қарсы жоспарланған террорлық агрессияға тойтарыс беру  шараларын біліктілікпен ұйымдастыра білді, сөйтіп, қыл үстінде тұрған елдігімізді, мемлекеттік тәуелсіздігімізді қорғап қалды.

«Жаңа Қазақстан» идеясы

2022 жылғы қаңтар дүрбелеңін ел болып еңсере білген қазақ даласында жаңа күн, Қазақстанның жаңа даму кезеңі басталғанын сезіндік. Қасым-Жомарт Тоқаев  жалпақ жұртқа «Жаңа Қазақстан» идеясын жариялады. Бұл еліміз үшін шынайы жаңару кезеңі болмақ.

«Біз осындай қиын жағдайда ел бірлігінің арқасында мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұтастығын сақтап қалдық. Қазір Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу. Бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз. «Жаңа Қазақстанды» құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Бұл саясат шенеуніктердің жөнсіздігіне жол бермейді. Бәсекеге және технологияға негізделген экономиканы қалыптастырады.  Сонымен бірге, жеке меншікке, адамның құқықтары мен бостандығына қол сұғылмауына заң үстемдігі арқылы  кепілдік береді, – деді Мемлекет басшысы.  Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды.

Бұл мақсаттарға жету үшін ұлттық рухты жаңғыртатын ұлттық  идеологияны қалыптастырудың маңызы зор болмақ. Қазіргідей өркениеттілер әлемінде мемлекет бір адым ілгері басу үшін сауатты саяси, әлеуметтік-экономикалық бағдармен қоса  мықты мемлекеттік идеология аса қажет. Егемендігімізді еншілеуде, тәуелсіздігімізді тұғырлатуда және  нығайтуда Толағайдың жүгін көтеріп жүрген  дәстүрлі ұлттық журналистиканың тағдырына маңыз берген жөн. Нарық заманы басталғалы қыспаққа түсіп, өлместің күнін көріп келе жатқан қазақ газеттері мен журналдарына, ұлттық теле-радио арналарына  әлеуметтік-материалдық қолдау  көрсетілсе, ұлттық идеология да жанданары сөзсіз. Дәстүрлі журналистика жетпіс жыл бойы кеңестік империя идеологиясының қуатты құралы болып келді. Ол дәуірде қазақ газеттері әр өңірге, ауыл-ауылға тарады. Сол кездің өзінде ұлт жанашыры болған журналистер қауымы  "кеңестік міндетті насихат" аясында астарлап болса да,  ұйқыдағы  қазаққа ұлттың үнін, салт-дәстүрін, ұлы тұлғаларын, бабалар заңын, Алаш идеясын жеткізіп отырды. Ұлы дала елінің  тілін, тұмшаланған  ділі мен  дінін, руханиятын, жыл басы – Наурызын өміршең етті. Бүгінгі жаһандану кезеңінде де тәуелсіз Қазақ Елі үшін бұл мәселелер өте өзекті. Сондықтан мемлекеттің сөзін сөйлеп, ұлттың үнін жеткізіп, болашағын ойлайтын  ұлттық дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік саясаттың маңызды буыны ретінде  қарастырылуы тиіс. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі! Ұлттық баспасөз - ең алдымен, тәрбие құралы. Осы орайда бізге бірінші кезекте ұлттық идеология кеңістігіндегі  позицияларымызды мықтап нығарлап алу қажет деп санаймын. Бүгінде әлеуметтік желілердегі фейк ақпараттың көптігінен оқырман қажетті талдамалы журналистика бағытындағы материалдарға қол жеткізе алмайды. Болашақ журналистерді пост, смс, ақпараттық жанрдағы бес-алты сөйлемнен құралған  дүниелерден гөрі ой талғамы терең, айтар сөзі мазмұнды, талдамалы материалдарды жазуға ынталандыра түсетіндей жұмысты реттеу қажет. Өйткені БАҚ-тың  басты қызметі – қоғамды ақпараттандыру, ағарту, тәрбиелеу екендігін ескерер болсақ және негізгі миссиясы немқұрайдылық танытпай, мемлекеттің рухани  келбетін  арттыруға атсалысу болса, ол үшін мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бөлінетін қыруар бюджет қаржысын  тапсырыспен бөлу саясатын қазақ баспасөзінің мүддесін ойластыра  қайта қарау қажеттілігі бар деген пікірдемін.

Болашақта, Президент тұжырымдағандай, еліміздің әлем картасында егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналатынынан біз де үміттіміз. Бүгінгі  мақсат та белгілі  – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Демек, жемқорлықсыз Жаңа Қазақстанды құру – өз қолымызда. Бұл – әрқайсымыздың, әрбір қазақстандықтың  әлеуметтік жауапкершілігі әрі азаматтық парызы.         

                                                                      almaty-akshamy.kz

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары