Қызылорданың 50 жастағы тұрғыны Жанабай Махамбетов флэшкасын жоғалтып алғаннан кейін банктерге 47 миллион теңге қарыз екенін білген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2021 жылдың күзінде азамат флешкасын жоғалтып алған. Оның ішінде бүкіл жеке құжаты сақталған көрінеді.
Ер адамның айтуынша, флешкасының жоғалғанын бірден байқамапты. Себебі ол кезде сырқаттанып, әйелімен ажырасқаннан кейін көңілі құлазып жүрген.
“Флэшканың ішінде электронды цифрлық қолтаңба, шот реквизиттері мен жеке куәлігімнің көшірмесі болған. Бір күні телефоныма әртүрлі банктен кредитке өтінім бердіңіз деген ондаған хабарлама түсті. Сол кезде "жеке мәліметтер қоймасы" жоғалғанын түсіндім", - дейді Жанабай Қамбарұлы.
Бірақ Махамбетов бұл хабарламаларға мән бермеген. Банкке өзі барып, несиеге өтінім бермегендіктен, қателік шығар деп ойлаған.
"Бірақ сол кезде маған біреулер хабарласты. Олар өздерін Қазақстан банктері қауымдастығы киберқауіпсіздік бойынша техникалық бөлім қызметкерлеріміз деп таныстырды. Өтінімді растауға көндіре бастады. Бұл бөтен адамның атынан банктерден кредит алатын алаяқтарды ұстау үшін қажет деп мәлімдеді", - дейді ер адам.
Махамбетов ойланып тұрғанда оны қорқыта бастаған.
"Сен құқық қорғау органдарына көмектесуден бас тартып жатырсың деп қысым көрсетті. Өтінімді растаған соң, банктер кредит береді, ал алаяқтар табылғаннан кейін несиенің бәрі жойылады деп уәде берді", - дейді Махамбетов.
Сөйтіп қызылордалық "қылмыскерлермен күресуге" көмектескен, алайда өзі алаяқтардың құрбаны болды.
"Артынан кредиттер менің мойнымда қалғанын түсіндім. Өтінімді растағаннан кейін банктер мен микроқаржы ұйымдарынан шотыма ақша түсті. Ал содан кейін ақша үшінші тұлғаларға, тіпті шетелге аударылды. Мен мүлде тиіскен жоқпын. Банктер қауымдастығына телефон шалып едім, олар мен жайлы да, арнайы операция туралы да естімеген", - дейді ол.
Қазір Жанабай Махамбетов банктерге 47 миллион теңге қарыз.
"Мен полицияға арыздандым. Кредит төлеуді талап етіп отырған банктерге де мән-жайды түсіндіріп жаздым. Полиция аса ірі мөлшердегі алаяқтық бойынша іс қозғады. Бірақ еш нәтиже жоқ. Ал банктер үнемі хабарласады. Жалақы картамды бұғаттап тастады, қолымда мүлде ақша жоқ", - деп мұңын шақты қазақстандық.
Қызылорда тұрғыны ірі кәсіпорында қатардағы инженер болып істейді. Ай сайын 200 мың теңге жалақы алады.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.