$ 444.22  476.38  4.82

«Жолдау - мемлекеттің дамуына серпін беру мақсатында қабылданған жаңа реформа» - сарапшы

Ең негізгісі әрине, Конституциялық өзгерістер. Мұны мемлекетіміздің дамуының жаңа бағыты деуге болады. Бұған дейін 30 жылдық меже болды. Ең басты құжатымызға өзгеріс енгізу мәселесі өзекті тұр.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық қоғамдық даму инститиутының зерттеушісі Аян Сакошев Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – кең көлемді саяси реформаларды қазіргі заманның, жалпы қоғамның талабына сәйкес келетін бірқатар мемлекеттік жүйені өзгертудегі өзгерістерді қамтитын жолдау болды деп есептейді, деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы.

«Мұны ең алдымен, мемлекеттің 30 жылдық дамуына ары қарай серпін беру мақсатында қабылданған жаңа реформа деп танимыз. Негізгі мәселенің бірі – суперпрезиденттік саяси жүйенің қазіргі таңдағы басқару жүйесіне қатысты өзгеру мәселесі. Көріп отырғанымыздай, бірқатар мәселелер бойынша шешімдер қабылдау, жалпы мемлекеттің негізгі даму бағыттарына қатысты бағдарларды анықтау бойынша, әсіресе, заң шығарушы орган, оның ішінде Мәжілістің, жалпы Парламенттің беделін жоғарылату мәселесі айтылды. Бұл да заман талабына сәйкес реформа. Өйткені, бұл бірқатар дамыған мемлекеттер тәжірибесінде бар. Сондықтан, Президенттің жеке шешімімен немесе бір мемлекеттік органның, үкіметтің жеке шешімімен шешім қабылдау қиындау болуы мүмкін. Сол себепті дауыс беру арқылы талқыға салынған шешімдер тиісті деңгейде тиімді болады деген ой бар. Мұндай басқару жүйесінің өзгеруі, жалпы мемлекеттің дамуындағы жаңа принциптердің қойылуы – саяси жүйенің, жалпы мемлекеттің әрі қарайғы дамуына өз үлесін қосады», - дейді ол.

Тағы оқыңыз: «Президенттің жақын туыстары жоғары лауазымдарда тұрмауы керек» деген сөзі - тұтас қазақ қолдайтын шешім» - сарапшы

Сарапшының айтуынша, Жолдауда айтылған реформалардың барлығы заңнамалық қолдауды қажет  етеді.

«Жолдауда айтылған мәселелердің тағы бірі – Парламенттің заң қабылдау бойынша бағытының анықталуы болды. Яғни, енді Сенат мақұлдау мәселесіне, ал Мәжіліс заң қабылдау құқығына ие болады. Бұл да маңызды өзгерістердің бірі деп ойлаймын. Соның ішінде бұл реформалар 20-ға жуық түрлі заңға өзгеріс енгізуі мүмкін деген болжам бар. Бұл да маңызды жұмыстардың бірі. Ол тек Үкімет пен Мәжілістің жұмысы ғана емес, оған қоғамдық өкілдердің, басқа да қоғамдық институттардың атсалысуы маңызды. Ең негізгісі әрине, Конституциялық өзгерістер. Мұны мемлекетіміздің дамуының жаңа бағыты деуге болады. Бұған дейін 30 жылдық меже болды. Ең басты құжатымызға өзгеріс енгізу мәселесі өзекті тұр. Ол жалпыхалықтық реформа түрінде немесе басқа да формада көрініс табуы мүмкін. Бүгінде уақыт көрсетіп отырғандай, мемлекеттіміз жаңа даму сатысына көшуі үшін мұндай өзгерістер қажет. Менің ойымша, Конституцияға енетін баптар халық арасында кең көлемді талқылаулардың нәтижесінде енеді. Сондықтан, оны біз түрлі қоғамдық алаңдарда кеңінен талқыға салуымыз қажет», - дейді ол.

Тағы оқыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы (ТОЛЫҚ НҰСҚА)

Аян Сакошев алдағы уақытта елімізде үш облыстың пайда болуына қатысты да ойымен бөлісті. 

«Бұл көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселелер. Әсіресе, шығысымыздағы Семей өңірінің бөлек облыс болып қайта қалыптасу мәселесі бірнеше жылдан бері кеңінен талқыланып келеді. Жолдауда шешім қабылданып, Семей дербес аймақ ретінде анықталып бекітілді. Бұл жерде айта кететін бір жайт, біз өзімізді көбіне Еуропа мемлекеттерімен салыстырып жатамыз, ал кейбір мемлекеттің аумағы біздің бір ғана облыстың аумағындай ғана. Сондықтан, біз нақты басқарушылық шешімдерді тиімді қабылдап, дамуды ерекше қажет ететін Семей, Жезқазған, Қапшағай қалаларын дамытқымыз келсе, олардың облыстар қатарына енуі, жеке дербес бюджеттің болуы – өңірлердің дамуына жаңа серпін беріп, инвестициялық потенциялының өсуіне, жаңа трансферттердің пайда болуына мүмкіндік береді, деп ойлаймын», - дейді сарапшы. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары