$ 494.87  520.65  4.91

Бүгін Жұмабек Тәшеновтің туғанына 107 жыл толды

Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді.

107 жыл бұрын (1915-1986) көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы ТӘШЕНОВ дүниеге келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол Ақмола облысы Аршалы ауданы Бабатай ауылында туған. Ақмола құрылыс техникумын (1932), КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін (1955) бітірген. Экономика ғылымының кандидаты.

1934- 1939 жылдары Бейнетқор ауданы атқару комитетінің хатшысы, аудан жер бөлімінің меңгерушісі, 1939 - 1943 жылдары Ақмола облысы жер бөлімі бастығының орынбасары, 1944 - 1947 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары, мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, 1947 - 1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы (1948 - 1952), 1952 - 1955 жылдары Ақтөбе облысы партия комитетінің 1-хатшысы, 1955-1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, 1960-1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.

Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды деп айыпталды. «Қазақ әдебиеті» газетін жабудан, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казправданың» аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. «Ұлтшыл» деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. 1961 - 1975 жылдары Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1975 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Өмірінің соңғы кезеңінде «Қаракөл» ғылыми-зертханалық институтында, Оңтүстік Қазақстан облысы талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары