$ 494.87  520.65  4.91

Ұлттық жоба бойынша қандай жолдар салынбақ?

Автожолдардың сапасы жақсарып, өңіраралық байланыс та артады.

Кез-келген мемлекет елдегі әлеуметтік-экономикалық салалардың дамуына басымдық беретіні анық. Бұл – елдің тұрақты дамуының басты шарты. Ел билігі де осы бағыттарға аса мән беріп, түрлі жобалар мен бағдарламаларды қабылдап, оның орындалуын назарға алуда. Сондай жобалардың бірі – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Бірқатар министрліктердің бірлесіп жасаған бұл жобасы халықтың қолайлы өмір сүруіне бағытталған. Жобаның басты мақсаттарының қатарында автомобиль жолдарын жақсарта отырып, елдің транзиттік-логистикалық әлеуетін арттыру да бар.  Қаржы экономиканың  жүрегі болса, ал көлік ағындарын оның қан тамырлары деуге болады.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының екінші бағыты көліктік байланысты қамтамасыз етуге бағытталған. Оған екі міндет кіреді: біріншісі – ішкі көлік желісін дамыту. Екіншісі – аумақтардың сыртқы байланыстылығын арттыру. Skifnews.kz ақпарат порталының бүгінгі шолуында жоғарыда аталған бірінші міндет туралы сөз болмақ.

Қазақстанның ішкі көлік желісін 2030 жылға дейін дамыту 38 мың шақырым жолды салуды және қайта жаңартуды көздейді, оның 11 мыңы – республикалық, 27 мыңы – жергілікті маңызы бар жолдар.

Бұл республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 100%-ға және жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 95%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. 2025 жыл соңына шейін атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша  республикалық, жергілікті маңызы бар жолдардың 95%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізіледі.

Бүгінде 3,6 мың шақырымға жуық жол жөндеуден өтуде. Атап айтқанда, бұл – еліміздің оңтүстігін шығыспен байланыстыратын стратегиялық маңызы бар «Талдықорған – Өскемен» тас жолы. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр және келесі жылы аяқталуы тиіс.

Әсіресе, тұрғындарды қазіргі елорда мен оңтүстік астана арасындағы жолдың жағдайы қызықтырады. Жекелей алғанда, «Қарағанды – Балқаш» учаскесі. Мұнда Автомобиль жолдары комитетінің мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде, қалпына келтірілген бөліктің ұзындығы 363 шақырымды құрайды.

Балқаш көлінің бойындағы «Балқаш-Бурылбайтал» учаскесінде де жөндеу жұмыстары қарқын алды. Мұнда 228 км жол қайта жөндеуді қажет етті.

Ұзындығы 67 шақырымды құрайтын «Қапшағай – Күрті» учаскесінде жергілікті компаниялар жұмыс істейді. Айта кету керек, бұл тармақ Алматыға және еліміздің шығысына апаратын жолдарды байланыстырады. Аталған трассаның барлық учаскесі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылға қарай аяқталатын болады.

Бурылбайтал кенті шағын болғанымен, аса маңызды нүкте. Ол Алматы мен Шымкент жолдарының торабында орналасқан. Ұзындығы 266 км «Меркі-Бурылбайтал» жобасы да жүргізілуде. Бүгінде онда белсенді жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Келісімшарт бойынша жобаны толық аяқтау 2022 жылға жоспарланған.

Енді Павлодар өңіріндегі жолдардың жағдайына тоқталып өтейік.

Павлодар облысы – еліміздің жетекші өнеркәсіп орталықтарының бірі. Бүкіл алюминий және ферроқорытпа өндірісінің негізгі бөлігі осында орналасқан.

Павлодар облысында қазіргі уақытта 5372,1 км автомобиль жолы бар, оның 1662,8 шақырымы (31%) – республикалық маңызы бар; 1010,0 шақырымы (18,6%) – облыстық маңызы; 50,2% немесе 2699,3 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар.

Өткен жылғы Үкімет отырысында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов атап өткендей, жергілікті маңызы бар жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 86 пайызды құрап отыр.

Оның айтуынша, 2021 жылы ұзындығы 120 шақырым болатын жергілікті маңызы бар автожолдарды күрделі және орташа жөндеу бойынша 6,9 млрд теңгеге 22 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биыл бұл көрсеткіш – 87 пайызға жетеді. Сондай-ақ, 60 шақырым жол қиыршық тас төсемнен асфальтқа ауыстырылды.

Аймақ басшысының айтуынша, 2022-2025 жылдар арылығында 1070 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда. Соның нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 95%-ға жетпек.

Сонымен қатар, облыста жол бойындағы сервисті дамыту шаралары да жүргізілуде. 2020 жылы 6 нысан, 2021 жылы тағы 5 нысан пайдалануға берілді.

Қазақстанның жүрегі елорда арқылы өтетін жаңа көлік жүйесі де бүкіл елді біріктіретіні анық.

Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында жүзеге асырылып жатыр. Қорыта айтқанда халық игілігі үшін жұмыс істейтін бұл жобадан күтілетін нәтиже де аз емес. Автожолдардың сапасы жақсарып, өңіраралық байланыс та артады, ішкі көлік желісін дамыту бойынша жұмыс орындары да құрылмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары