$ 449.58  486.94  4.86

Оралдағы су тасқыны: ауыл мектебі опырылып құлады

Келген атқамінерлер «осы мектепті жаппай отырғанымызға рахмет айтыңдар» дегендей сөзбен түйреп, қорқытқандай болды.

БҚО әкімдігі мен облыстық білім басқармасы назарына!

Аядай ауылды таратпай ұстап тұрған шағын ғана мектебімнің қазіргі ауыр жағдайына жүрегім елжірейді. Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданына қарасты Шалғын деген шағына ғана ауыл барын бірі білсе, бірі білмес. Балғын балалық шағым, оқушылық кезім осы мектептің әр тасымен қаланғандай еді. Жаңа өмірге деген алғашқы ұстаздық жолым да осы мектеппен тығыз байланысты.

Қабырғасы сонау 1988 жылы қаланып, содан бері бір күрделі жөндеу көрмеген мектептің қалай құламай тұрғанына таңым бар. Алғашқыда от жағып, күлімсі иіс пен ыстың ортасында талай сабақ оқыған кездерім есіме түседі. Бертін келе көгілдір отынның қызығын көре бастады. Мектеп әкімшілігі оқушылардың білім алуына барынша жағдай жасап, өз жыртықтарын өздері жамап әлек. Ауыл боп жаңа корпусты да өздері жалғап салып алды. Аудан тарапынан ешқандай көмек қолы созылмады. «Сен тимесең мен тиме» боп аядай ғана ауылға атқамінерлердің біреуінің де жаны ашымады.

Қазіргі жағдайы өте мүшкіл. 2022 жылдың 28 наурызы күні қырдан келген қызыл су мектептің жалғанған бөлігін түгелдей дерлік жалмап кетті. Кітаптар мен құжаттар суға кетті. Ұстаздар мен ауыл халқы шарасыз күйде. Қоскөл ауылдық округі әкімі мен аудандық білім бөлімінің басшысы қолдарында бір күрегі жоқ, не алып келген техникасы жоқ келіп, құр сөзбен жұбатқандай кейіп танытып кетіп қалды.

Ауыл азаматтары өз техникаларын жұмылдырды. Трактормен құм тасып төсеп, қызметкерлер біресе су тасыды, біресе кітап мен құжат тасып жүгіріп шаршады. Келген атқамінерлер «осы мектепті жаппай отырғанымызға рахмет айтыңдар» дегендей сөзбен түйреп, қорқытқандай болды. Халықтың осы жерде шоғырланып, түтінін түтетіп отырғандағы себебі – балаларының білім алатын мектебі ғана. Мектеп жойылса, ауыл да үдере көшпек.

Бала саны аз болғасын мектеп ұстаздары мен ата-аналар патронаттық тәрбиеге бала алуды жоспарлар отыр. Қазіргі таңда құжаттық жұмыстар жүргізілуде, алдағы оқу жылына дейін мәселенің оң шешімі табылады деп ойлаймын.
Шағын ғана мектептің таудан талантты шәкірттері мен білімді ұстаздары көпке үлгі. Биылғы оқу жылының ішінде 17 оқушы түрлі аудандық жарыстардан жеңімпаз атанып, облыстан жүлдемен оралды. Жаңадан мектеп салып, ұстаздар мен оқушыларға жайлы жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Біздің осы жанайқайымызды еститін құлақ болса…

sarapshy.info

Салтанат Сағынғалиева,

Орал қаласы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары