Түркістан облысында жолаушылар автобусы жеңіл көлікпен соқтығысты. Апат салдарынан 3 адам қаза тауып, 4 адам жарақат алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, адам өліміне әкеп соқтырған жол апаты 13 сәуір күні сағат 19:00 шамасында Сарыағаш-Шымкент тасжолында болған.
"Ішінде 30-ға жуық адамы бар Yutong автобусы Шымкент бағытына қарай келе жатқан. Осы уақытта қарсы жолаққа Audi 100 автокөлігі шығып, автобуспен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Audi 100 автокөлігінің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Түрлі жарақаттары бар автобустың төрт жолаушысы аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен қаза болғандардың жеке басы анықталып жатыр", - деп хабарлады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.
Қазір оқиға орнында тергеу-жедел тобы, аудандық ішкі істер бөлімі мен прокуратураның басшылығы жұмыс істеп жатыр.