Аралас жекпе-жек шебері, "Гаитилік сенсация" лақап атымен танымал америкалық Нил Мэгни (26-8) жартылай орта салмақта UFC-де өнер көрсететін қазақстандық Шавкат Рахмоновпен (15-0) кездесу өткізетінін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Шетелдік ақпарат көздерінің хабарлауынша олардың жекпе-жегі 25 маусымда UFC Fight Nights турнирінде өтеді. Мэгни өзінің Instagram парақшасында алда өтетін жекпе-жекке қатысты пікірін білдірді:
"Міне, біз тағы да оралдық!", – деп жазды америкалық спортшы.
Айта кетейік, Нил Маэгни UFC-дегі бірнеше рекордтың авторы. Ол бір жылда өткізген жеңістер саны бойынша Роджер Уэрта және Кевин Холландтермен қатар бірінші орында тұр. 2014 жылы Нил бес жекпе-жекте жеңіске жетті. Сондай-ақ ол 13 ұпаймен төрешілердің шешімі бойынша ең көп жеңіске жетіп, UFC рекордын иеленді.
Мэгни 15 ұпаймен промоушен тарихындағы жартылай орта салмақта ең көп жеңіске жеткен Жорж Сен-Пьермен бірге алғашқы орынға жайғасты. Сонымен қатар UFC тарихындағы жартылай орта салмақтағы ең ұзақ жекпе-жек рекордының иесі – 5:34:48. Алда өтетін кездесу туралы шетелдік басылымдар жарыса жазуда. Солардың бірі MMA Sport журналисі Бен Смит. Ол америкалық Нил Мэгниді (26-8) қазақстандық Шавкат Рахмоновқа (15-0) төнген нағыз қауіп деп отыр.
"Рахмоновтың деңгейі әр жекпе-жек сайын өсуде. Мэгни Шавкаттың UFC-дегі мансабындағы ең тәжірибелі және қауіпті қарсыласы. Мен қазақстандық спортшыға сенемін. Бірақ бұл жолы оның фаворит мәртебесі бұрынғыдай емес. Нил – өте мықты файтер. Оның физикалық көрсеткіші жоғары және ең басты артықшылығы – тәжірибесі. Ол UFC-де Рахмоновтың барлық қарсыластарына қарағанда көбірек кездесу өткізді. Осының өзі жекпе-жектің өзіндік бір ерекшелігі болмақ", – деді Смит.
Еске салайық, қазіргі уақытта UFC-де жартылай орта салмақ рейтингінде 15-орында тұрған Рахмонов америкалық промоушенде өткізген үш жекпе-жектің үшеуінде де мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Дәл осы дивизионның оныншы сатысында тұрған Мэгни соңғы жекпе-жегінде отандасы Макс Гриффинді жеңді.