20.04.2022, 23:03

Қанат Мусин мемлекеттік лауазымдарды кімдер атқара алмайтынын айтты

Фото: ашық дереккөз
ҚР Әділет министрі Қанат Мусин Мемлекет басшысы ұсынған жаңа конституциялық түзетулер бойынша мемлекеттік лауазымдарды кім атқара алмайтынын түсіндірді.

ҚР Әділет министрі Қанат Мусин Мемлекет басшысы ұсынған жаңа конституциялық түзетулер бойынша мемлекеттік лауазымдарды кім атқара алмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Наурызда өткен Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «мемлекет басшысы барлық азаматтар үшін мүмкіндіктер теңдігінің мызғымас кепілі болуға тиіс» екенін атап өтіп, Президенттің жақын туыстары үшін саяси мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектордағы басшылар лауазымдарын атқаруға заңнамалық тыйым салуды ұсынды.

Қоғамда осы конституциялық түзетулер бойынша түрлі пікір пайда болды және Zakon.kz редакциясы «Мемлекет басшысының туыстары қазіргі уақытта дипломатиялық корпуста саяси лауазымдарды атқара ала ма», деген сұрақпен ҚР Әділет министрлігіне жүгінді.

Қазақстанның Әділет министрі Қанат Мусин аталған мәселе бойынша түсініктеме берді. Оның пікірінше, қандай да бір түсінбестік болған, өйткені, Мемлекет басшысы президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік лауазымдарды атқармауы керектігін нақты айтып, бұл норманы Конституцияда бекітуді тапсырды.

«Аталған тыйым конституциялық түзетулер жобасына енгізілді. Түзетулер қабылданып, күшіне енген кезде қандай да бір лауазымдарды атқару мүмкіндігі екі факторға байланысты болады, яғни,  заңмен белгіленген тығыз байланысты қатынастардың болуы және лауазымның Конституцияда белгіленген санаттарға жатқызылуы. Әрине, тыйым салу осы екі шарт толық сәйкес келген кезде мүмкін болады», - деді Қанат Мусин.

Министрдің айтуынша, бұл норма Мемлекет басшысының жақын туыстарына ғана қатысты. Мәселен, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексіне сәйкес жақын туыстар деп ата-аналар, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілер мен апа-сіңлілер, аталар, әжелер, немерелер айтылады.

Мусин сондай-ақ, саяси лауазымдар ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 150 Жарлығымен бекітілген саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде көрсетілгенін атап өтті. Оларға, мысалы, президентке есеп беретін орталық мемлекеттік органдар мен мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігі мен премьер-министр кеңсесінің басшылары, облыстардың, қалалардың, аудандардың әкімдері, төтенше және өкілетті елшілер және басқа да бірқатар лауазымдар кіреді.

«Квазимемлекеттік сектордағы басшылық лауазымдар – бұл, мысалы, құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері мемлекет болып саналатын мемлекеттік кәсіпорындардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық компаниялардың басшылары», - деп түйіндеді Мусин.