Қаржы мониторингі агенттігі 1,1 млрд теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен екі азаматқа іздеу жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Қаржы мониторингі агенттігі кәсіпкер А.Б.Жексенғалиев пен Қазақстан азаматы Е.К.Медетбековке іздеу жариялайды. Олар 1,1 млрд теңге бюджет қаржысын ұрлады деген күдікке ілінді. Бұл алдын ала келісу арқылы бір топ адаммен аса ірі мөлшерде ақша ұрлау", - делінген ведомство хабарламасында.
Екеуіне қатысты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
Іздестіріліп жатқан адамдар жайлы қандай да бір ақпарат белгілі болса, агенттіктің сенім телефонына – +7 7172 708 478, +7 7172 767 921 хабарласуға немесе Нұр-Сұлтан қаласы, Бейбітшілік көшесі, 10 мекенжайына баруға болады.
Күдіктінің тұратын жері туралы шынайы ақпарат берген адамға ақшалай сыйақы көзделген. Хабар берген адамның аты-жөні жария етілмейді.
Еске салсақ, Әнуарбек Жексенғалиев «Зекет» қоры Астана қаласы өкілдігінің директоры болған.