Қаңтар оқиғасынан кейін қоғам белсендісі Санжар Боқаев Namys деген атаумен жаңа саяси партия құратынын мәлімдеді. Ал бүгін Namys партиясының тіркеудің бірінші кезеңінен өткенін жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпаратпорталы.
«Намыс» партиясын тіркелуіне барлық құжаттар қабылданды. Әділет министрлігі құжаттардын және барлық деректердің дұрыстығы мен толықтығын хатпен растады. Бұл тіркеудің бірінші кезеңі сәтті аяқталды деген сөз. Барлық қолдаушыларға және өз құжаттарын бірінші болып жіберген белсенді азаматтарға алғыс айтқым келеді. Қазір біз тіркеудің екінші кезеңіндеміз. 2 айдың ішінде партия съезін өткізуіміз керек. Одан кейін үшінші кезең – 20 000 адамнын қолтаңбасын жинау. Біз оның барлығын орындап сәтті өтеміз деп сенемін!», - деп жазды ол өзінің Facebook парақшасында.
Партия бағдарламасы негізгі 7 бағыттан тұрады:
Әділ, тәуелсіз, адал сот жүйесін құру; Жемқорлыққа ымырасыз күрес жариялау; Мемлекетті, қоғамды, жастарды дамыту үшін мәдени революция жариялау; Толық саяси трансформация жүргізу (әділ, тәуелсіз сайлау жүйесін құру, жаңа партияларды тіркеу, өзін өзі ұсыну құқығын қайтару, парламент сайлауын өткізу, қала әкімдерін сайлау); Мемлекеттік аппарат санын қысқартып, тиімділігін арттыру; Сапалы біліммен, медицинамен қамтамасыз ету; Жастарға арналған зауыттар (жұмыс орындарын) ашу.