$ 494.87  520.65  4.91

Дана Есеева балаларына қысым көрсетіліп жатқанын айтты

Оларға бар шындықты айтамын. Ойдан ештеңе құрастырмаймын. Үстел басына отырғызып, болып жатқан жайтты түсіндірдім. Қысым көрсететін балаларға қалай жауап беруге болатынын айттым.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қаржылық пирамида құрды деген күдікпен қамауға алынған Мейіржан Төребаевтың бес баласына жан-жақтан қысым көрсетілуде. Ғаламтордағы есепсіз ақпарат, алып-қашпа әңгімелерден құралған түрлі видеолар жеткіншектердің санасына әсер етпей қоймасы анық. Дана Есеева буллингпен қалай күресетінін айтты, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Әкелеріне қатысты жағдайды балаларға қалай түсіндіргенімді және оларға көрсетілетін қысыммен қалай күресетінімді көпшілік сұрайды. Оларға бар шындықты айтамын. Ойдан ештеңе құрастырмаймын. 

Үстел басына отырғызып, болып жатқан жайтты түсіндірдім. Қысым көрсететін балаларға қалай жауап беруге болатынын айттым. Ақпараттық соғыс пен хейтерлердің кім екенін түсіндірдім. Түсініксіз адамдардың біз жайлы неліктен жаман видеолар түсіретінін, олардың қандай пайда көретінін және арандатудың не екенін айттым. 

Олар ақылды, барлығын жақсы түсінді. Бізді өлтірмейтін дүниенің бәрі күшті етеді», –  деп бөлісті Есеева.

Дананың өзі мықты болуға тырысқанымен, олардың отбасына жанашыр кейбір жандар Төребаевтың қамалғанын ауыр қабылдаған көрінеді. Блогер, тіпті сондай жандарды жұбатқысы келетінін жеткізді. 

«Қолдауларыңызға рахмет. Бірақ қатты уайымдаудың қажеті жоқ. Жекеге келген дыбыстық хабарламаларыңызды тыңдап, сіздерді құшақтағым келіп кетеді. Сағынып жүрміз, бірақ мықты болуға тырысудамыз. Адвокаттар жұмыс істеп жатыр. Мұнда көп ақпарат салып, сіздерге салмақ салғым келмейді. Арасында хабар беріп тұрамын», –  деді Есеева. 

Еске салайық, 10 ақпанда белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзімжан Саидбаев қаржылық пирамидаға қатысты іс бойынша айыпталушы ретінде танылғаны белгілі болды. Тергеу мәліметтері бойынша, олар Mudarabah Capital қаржылық пирамидасын жарнамалап қана қоймай, оның ортақ иелері ретінде үнемі табыс алып отырған. 11 ақпанда Саидбаевқа Алматы полициясы іздеу жариялағаны белгілі болды. 

Сәуірдің 11 күні Нұр-Сұлтанда Алматы тұрғыны Бағила Досмаилова осы іс бойынша тергеудің жүріп жатқанына наразы болып, өзін-өзі өртеп жіберді. Абырой болғанда әйел аман қалды. Ол өз-өзіне қол жұмсамай тұрып жазған хатында өзінің өліміне Алматы қалалық ІІД бастығының орынбасары Рустам Әбдірахмановтың кінәлі екенін айтқан. Бұл оқиғаға қатысты өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

20 сәуірге қараған түні Төребаев пен Шерниязов 10 тәулікке қамауға алынды. Тұтқынға алынғаны туралы ақпарат тарамас бұрын Төребаев видео хабарлама жасап, онда ол өзінің құрбан болғанын және қаржы пирамидасының қызметінен пайда таппағанын айтқан. Алайда 13 сәуірде Алматы прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев "Төребаев құрылтайшы болмай тұрып-ақ компаниядан тұрақты төлемдер алып отырған" деген мәлімдеме жасады.

Сонымен бірге, дәл сол бейне үндеуде Төребаев қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі полицияға Mudaraba Capital қаржы пирамидасы туралы 2020 жылы ескерткенін қосып өткен.

Ал 29 сәуір күні вайнерлер Төребаев пен Шерниязовты қамауға алу мерзімі тағы екі айға ұзартылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары