Маңғыстау облысындағы мұнай-газ өндіруші «Өзенмұнайгаз» компаниясының ұңғымаларын жөндеумен айналысатын «Кезби» мекемесінің бір топ азаматы мамырдың 2-нен бері Астанада жүр. Жергілікті билік пен компания басшылығынан әділдік таппаған олар негізгі 4 талабын Энергетика министрлігіне, Бас прокуратура, Еңбек министрлігі мен «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына тапсырған. «400 адамның аманатын арқалап келдік» дейді олар. Ulysmedia.kz порталының тілшісі Жаңаөзен мұнайшыларымен кездесіп, мәселенің мәнісін біліп қайтты.
«Қарастырамыз, сөйлесемізбен» шектеліп отыр
«Кезби» компаниясының жұмысшылары жалақыны көтеру талабын бұған дейін де бірнеше рет көтерген. Былтыр да осы талаппен ереуілге шыққан. Жұмыс беруші олардың талаптарын ішінара орындап, мұнайшыларды жұмыс орындарына қайтарып отырған. Алайда құрғақ сөз, құр уәдеден әбден зәрезап болған жұмысшылар ат басын бұл жолы Астанаға бұрыпты.
Жаңаөзенді митинг 19 сәуірде басталған. «Кезби» мекемесінің 4-ші дәрежелі оператор көмекшісі Нұрсұлтан Нұрымұлының айтуынша, одан нәтиже болмай, жергілікті билік органдары жұмысшылардың мәселесін шеше алмаған.
«Әділдік іздеп келдік, еңбек дауымыз шешілсе дейміз», - дейді Жаңаөзен тұрғыны.
«Кезби» мекемесінің жұмысшылары негізі 4 талап қойып отыр. Атап айтқанда айлықтарының 12 сағат кесте бойынша төленуін, ұжымдық шарттың орындалуын, айлық мөлшерін көтеру және «Өзенмұнайгаз» компаниясының балансына басқа да мекемелер секілді «Кезбиді» де кіргізуді талап етеді.
«Бірнеше министрлікке, Бас прокуратураға талап-арызымызды тапсырдық. Нақты еш органнан жауап келген жоқ. «Арызды қарастырамыз, сөйлесеміз» деп шектеліп отыр. Нұр-Сұлтан қаласына келген 26 адам бармыз. Жаңаөзен қаласында митингте тұрған 400 адамның аманатын жеткізуші ретінде келдік. 2019 жылы «Өзенмұнайгаз» компаниясына ауысу аустсорсингінің схемасы құрылады. Сол схемаға «Өзенмұнайгаз» мен екі қапталынан жекеменшік екі компания кірген. Біздің талабымыз – сол схемаға Кезби мекемесін де кіргізу. «Өзенмұнайгаз» компаниясы мен оның еншілес компанияларына қарағанда біздің айлық – ең төменгі айлық болып тұр. Тіпті 50 пайызына жетпейді. Қазмұнайгаздың берген ақпараты бойынша, біздің айлық олардыкінен 70 пайыздан төмен болмауы керек! Ал біздің айлығымыз ол компаниялардың 33 пайызымен тең. Мұнай компаниясындағы мұнай мен май, радиация бәрі де біздің денсаулығымызға зиян», - дейді Нұрсұлтан Нұрымұлы.
Мұның арты үлкен дауға апара жатыр
«Кезби» мекемесінде 16 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Жолмұрат Ұлықпанның айтуынша, «Кезби» мекемесінде жұмысшылардың қауіпсіздігі мәселесінен бөлек, әлеуметтік жағдайы мәз емес. Еңбек жағдайы ережелерге сай болмағандықтан, олар бірігіп кәсіподақ ашқан. Бәрі еңбек дауларының шешілу мәселесіне атсалысқан.
«Еңбек дауы неліктен туындады? Жұмысшылардың құқығы тапталып, жалақысы толық төленбей жатыр. Кәсіби аурулар қаупіне сай бізге әлеуметтік пакеттер, емделу, санаторий жағы қарастырылмаған. Бізден басқа «Өзенмұнайгазға» қарасты мекемелердің барлығында жеке медициналық карточкалары бар. Біреуінің белі, екіншісінің тісі ауырса, тіпті отбасы мүшелері ауруға шалдықса, сол карточкаларға түсетін қаржы арқылы олар емделе алады. Біздің серіктестік мекемеде ол артықшылықтар мүлде қарастырылмағандықтан, наразымыз. Басқа кәсіпорындағы жұмысшылармен бірдей жұмыс істейміз. Бір ауаны жұтып, зиянды, улы затты жұтып, төбемізден су, аяғымыздан сыз өтіп жұмыс істегенімізбен, жалақымыз төмен болып тұр», - дейді мұнайшы.
Мұнайшылар жергілікті органдарға, еңбек басқармасына, облыс әкіміне, облыс прокуратурасына арыз жазған. 30 ақпанда мекемеден ұжымдық арыз түсірілген. Ізінше 11 сәуірде еңбек төрелігін жүргізіліп, оған еңбек инспекторлары, Өзенмұнайгаз компаниясының өкілдері, облыс әкімінің орынбасары қатысқан.
«Мекемедегі 1112 адамның ішінде кәсіподақта 100 адам бар. Еңбек төрелігін кәсіподақ төрағасы жүргізеді. Ал жұмысшылар өкілінен сайланған конференция ұйымдастырылмаған. Жұмысшылар үшін біржақты шешім қабылданып кетті. Ақпан айында Қазмұнайгаз басшысы Алик Айдарбаев келіп, Өзенмұнайгазға қарасты бүкіл мекемелер мен еншілес мекемелер жұмысшыларының айлығын 30% көтерген. Біздің жұмысшылар ереуілдетпей тұрып, басшылар мен кәсіподақ басшысының сөзіне сеніп, жұмысты тоқтатқан жоқ. Ендігі мәселе – ереуілге келген кезде 15% ішінара жұмысшыларды алалап, біржақты шешім қабылдап, біздің жұмысшыларды шеттетіп отыр. 1100 адамның ішінде 800 адам нағыз өндірісте жұмыс істейді. Алалап шектеу қойды. Жұмысшылар осы мәселені неге теңдей қоймайды деп наразылық білдірді. Жұмыс берушілердің кінәсінен осындай жағдай болып отыр», - дейді ол.
19 сәуірден бастап жұмысшылар болып жергілікті тұрғындарға арыз түсіргендіктен, бес күн ішінде татуласу комиссиясын ұйымдастырып, мәмілеге келу, еңбек төрелігіне ұсыныс білдіру секілді ешқандай шара қабылданбаған.
«Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен жеке барып, арызымды қолына ескертіп тапсырдым. Бұл мәселені шешпесе үлкен дауға апара жатқанын ескерттім. Неге десеңіз, Өзенмұнайгазға қарасты үш ірі мекеменің жұмысшылары айлығын 20% көтеріп отыр. Олар да нақты шешім таба алмай аманатын бізге тапсырып жатыр. Біздің жұмысқа үстінен жұмыс қосты. Ал біз бұрынғы келісілген келісімшарттағы жұмысымызды меңгере алмай отырғанымызды өздері біледі», - дейді мұнайшы.
Олар митинг тілін ғана түсінеді
«Кезби» мекемесінің шебері Есенжан Әбдірахимов наразылық жұмыс берушінің кінәсінен болып отырғанын айтады.
«Қайта-қайта жалақы мен сыйақы төлеу мәселесінде келіспеушілік болып тұрады. Айлық, сыйақы дұрыс төленбейді. Ереуіл болғаннан кейін мәселеміз шешіліп жатады. Біз сондай тәсілмен ғана өз ақшамызды ала алып отырмыз. Сондай тілді ғана түсінеді. Сол жолмен ғана әділдікке жетуге болады деген түсінік қалыптасты», - дейді Есенжан Әбдірахимов.
Құрғақ уәдеден шаршаған жұмысшылар митинг алдында басшылықты ескерткен екен. Жұмыс беруші келіссөзге бірден келмеген.
«Хаттарымызды тиістіі органдарға жолдадық. 20 шақты адам жұмыс берушінің алдына барған кезде атқарушы директоры бізді видеоға түсірмеңіз деп, түсінісбеушілік болып қалды. Содан кейін келіссөз жүргізілмеді. Басшылықтан келіп, кейін бізге қатты сөз айтып, болмаса басқа шара қабылдаймыз деп, айтқасын тіл табыса алмай қалдық. Келіссөз ешқандай нәтиже бермей жатыр. Талаптарымыз орындалмайды. Бізді мекеме басшылығы сотқа да берді. Бірақ сот бізді кінәлі деп тапқан жоқ. Тек ереуілді заңсыз деп таныды. Бірақ сол шешімге сүйеніп, еңбек шартын тоқтату туралы бұйрық шығарып, қатарымызда 12 адамды жұмыстан шығарып жіберді», - дейді ол.
Жаңаөзеннің осы азаматтары депутаттардан Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаевпен кездескен. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен де жолыққанын айтады. Алайда кезекті әрі «қарастырамыздан» аспайтын кездесулер мәселені әзірге шешетін емес. Ал мұнайшылар «талабымыз орындалмай елордадан қайтпаймыз» деп отыр.