Алматы облысында қатты жауын салдарынан Кербұлақ ауданына қарасты екі ауылды су басты. Көшесін су басқан ауылдардың видеосы әлеуметтік желіде пайда болды. Кадрдан жеке тұрғын үй аулалары арқылы өтіп жатқан суды байқауға болады.
Анықталғандай, видео Қоғалы және Байғазы ауылдарында түсіріліген. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, қазір судың деңгейі төмендеген.
"Байғазы өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, ауылдың бірнеше көшесін су басты. Су ауыл тұрғындарының бау-бақшасы мен аулаларына кірген. Сондай-ақ қатты жауын салдарынан Қоғалы ауылының бірнеше көшесі мен бір үйдің ауласын су басты. Су үйлерге кірмеген. Қазір оның деңгейі төмендеді. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында ТЖД қызметкерлері мән-жайды анықтап жатыр", - делінген ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.