Түркістан облысында 2002 жылы мектеп бітірген түлектер жағдайы төмен отбасыларға үй салып беріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Созақ ауданындағы Созақ ауылының жастары жыл сайын мұқтаж отбасыға баспана сыйлауды әдетке айналдырған. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толатын жастар ерте көктемнен қаржы жинап, асарлатып үй салады. Биылда түлектер жалғызбасты, екі ұл, бір қыз тәрбилеп отырған Салтанат Ахметова есімді мүмкіндігі шектеулі анаға баспана тұрғызып берді. 5 бөлмелі үйге жылу жүйесі қосылған.
Қосалқы шаруашылыққа арналған 20 сотық жері бар. Ал, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің түлектері көпбалалы отбасыға жаңа үйдің кілтін табыс етті. Ішін қажетті жиһазбен қамтып, мұқтаж жанның алғысын арқалады. Қазығұрт ауданында да игі іс жалғасын тапты. Сарапхана ауылы, Талдыбұлақ елді мекенінде бой көтерген тұрғын үйді баспана тауқыметін тартып жүрген сыныптастары Нұрлан Бакировке тарту етті. Енді бұл отбасы үшін ауыр тұрмыс, қиын күндер артта қалды.
Ауылдастарының қолдауымен жаңа қонысқа жайғасқан отбасыға демеушілер азық-түлік пен қажетті үй жиһаздарын жеткізіп беруде. Жаңа үйге кірген азамат жомарт жүректі достарына, ауылдастарына алғысын айтты. Ал, түлкібастық түлектер өмірден өткен сыныптасының отбасына үй сыйлады. Аудандағы Абай мектеп-лицейінің және Б.Садықов жалпы орта мектебінің 2002 жылы түлеп ұшқан түлектері бірге оқыған сыныптас достың соңында қалған жарына 4 бөлмелі үй алып беріп, қуанышқа бөледі.
Осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуі өмірден өткен Айкерім Сыздықова осы уақытқа дейін үш перзентімен жалдамалы пәтерде тұрып келген. Бұны естіген күйеуінің сыныптастары 20 жылдықта той тойлап, думандатқанша, өмірден өткен достың әруағына құран бағыштап, қиындыққа душар болған әйеліне үй сыйлауды жөн санады.