01.06.2022, 01:00

Түрме қызметкерлері отырған көлік апатқа ұшырады. Адам шығыны бар

Оның ішінде Половинка ауылындағы ОВ 156/6 мекемесінің төрт қызметкері болған.

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында түрме қызметкерлері отырған көлік аударылып, 1 адам көз жұмды деп хабарлайды turkystan.kz.

ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Шемонаиха ауданының орталығындағы Вокзальная көшесінде орналасқан жанармай құю бекетінің маңында Toyota автокөлігі жыраға құлап, аударылған. Оның ішінде Половинка ауылындағы ОВ 156/6 мекемесінің төрт қызметкері болған.

«Мекеме қызметкерлері жұмыстан тыс уақытта жол апатына ұшырады. Жүргізуші тізгінге ие бола алмай қалған. Соның салдарынан артқы орындықтағы 31 жастағы жолаушы қаза болды. Жарақат алған үш адам Шемонаиха орталық аудандық ауруханасына жеткізілді» делінген ақпаратта.

Аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр. Департамент басшылығы мен ұжымы, Қылмыстық-атқару жүйесі ардагерлер кеңесі марқұмның отбасының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.