$ 447.4  477.55  4.76

Домофон үшін ай сайын ақша төлеу негізсіз болып шықты

Кейбір өңірде тұрғын үй кешендері ай сайын алым жиналатын "коммуналдық құлдықтан" құтылып жатыр.

Елордалық домофон компанияның бұрынғы қызметкері Андрей есімді жігіт осы ұйымдардың бір сырын ашты, деп жазады inbusiness.kz порталы. 

"Домофондық жүйені орнатқан және оған кейін қызмет ететін фирмалар – екібасқа болуы мүмкін. Кейде бұл жүйенің шығындары үйді салу кезінде қарастырылады, яғни пәтерді сатып алған адам оның да құнын төлейді. Содан кейін девелопер, құрылыс компаниясы, немесе ПИК, МИБ басшылары оған қызмет ететін компанияны іздейді. Компаниялар дап-дайын және тұрғындардың мүлкі саналатын осы жүйені тегіннен тегін өз иелігіне алуға және сол үшін ақы жинауға қуана-қуана келіседі, тіпті пара береді. Керісінше, ірі қалалардың өзінде домофон жүйесін бүкіл көпқабатты үйдің өне-бойына сапалы әрі мейлінше тез монтаждап беретін компанияны табу қиын, ал дайын жүйеге қызмет еткісі келетін компания көп. Шынын айтқанда, монтаждалғаннан кейін домофон көбіне ай сайын техникалық қызмет көрсетуді қажет етпейді", – дейді Андрей.

Оның айтуынша, кейбір тұрғын пәтерді сатып алғаннан кейін домофондық компанияның қызметінен бас тартады. Компания оның үйін ағытып тастайды: ол өз үйінен сыртқы есікті аша алмай қалады. Сонымен бірге ағытылған отбасы да "ОДН" аясында жүйе тұтынатын электр энергиясы шығынын төлейді. Бұл да әділетсіздік болса керек.

Дегенмен, заңсыз алым жинаушы компаниядан заңды түрде арылудың жолы бар екен: ол үшін көршілермен ортақ келісімге келіп, ПИК, МИБ арқылы ұжымдық келісімде домофон үшін қызмет көрсетуден бас тартуды бекіту керек. Сонда ай сайын ақы төлеу қажет болмайды. Бірақ бұл жағдайда жүйе бұзылса, кіреберістегі сыртқы есік жабылмай қалса, пәтер иелері өз бетінше ақша жинап, оны жөндеу қажет болады.

Домофондық компаниялардың заңсыз ақы жинайтыны сотта да дәлелденген. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, мұндай прецедент Ақтауда тіркелді: көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары бас біріктіріп, домофон үшін ай сайынғы абоненттік төлем жинаудың заңға қайшы екенін дәлелдей алған. Себебі, домофон телефон немесе интернет емес, онда абоненттік жүйе жоқ. Маңғыстау облысының антимонополиялық департаменті тұрғындарды қолдап шыққан.

"Тұрғындар мен домофондық компания арасындағы құқықтық қатынастар тұғын үйде тиісті құрылғыны орнатып, іске қосқаннан кейін тоқтатылады. Ары қарай домофондық жүйе істен шықса, сынса, ақау пайда болса, онда қызмет көрсетуші компанияның қызметін жалдау қажет болады: ол маманын жіберіп, жүйедегі ақауды жояды және сол көрсеткен нақты қызметі үшін ғана ақы алады. Домофондық жүйені орнату және оған қызмет көрсету қағидаты суды ысытуға арналған бойлерді немесе кондиционерді орнату сияқты қызмет түрінен еш ерекшеленбейді. Ешкім де кондиционер үшін абоненттік ақы жинамайды", – деп түсіндірді департамент.

Яғни, ондаған жылдар бойы биліктің көз жұма қарауымен, әлде бармақ басты, көз қысты жолмен бұл салада көлеңкелі схема тамыр жайып, қаптаған фирмаларды байытып келген. Мысалы, олардың қалтасына елордадағы әрбір үйден ай сайын жарты миллион теңгеге дейін қаржы құйылады. ТК заңғар әрі сән-салтанатты болса, түсім еселеп артады.

Жалпы, тек Маңғыстау облысы ғана домофондық компанияларға қарсы бас көтерген жоқ. Өзге өңірлердегі жұртшылық тарапынан да осы мәселеге қатысты наразылық туындауда. Осы орайда былтырғы жыл соңында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің СҚО бойынша департаменті бұл мәселеге жеке отырысын арнады. Жиынға домофон жүйесін орнату және жөндеу қызметін көрсететін фирмалардың өкілдері мен тұтынушылар қатысты. Іс-шара қорытындысында домофон байланысы мен есікті құлыптау құрылғысы бойынша қызметтерді алу секторында әділдік орнату қажет деген байлам жасалған. Атап айтқанда, домофондық компаниялардың тұтынушылар құқығын аяқасты еткені сөз болып, ай сайын ақы жинамау, тек тұтынушымен келісілген смета негізінде нақты шығындарды ғана төлеу ұсынылды.

Бұл жерде көп нәрсе орнатылған жабдықтың кімнің меншігі екендігіне байланысты көрінеді. Кең таралған тәжірибе бойынша домофондық компания бұл жүйені өзі шығын шығарып, тегін орнатады да, ары қарай ол шығынын, инвестициясын абоненттік төлем арқылы өтейді. Мұндай жағдайда тұрғындарға оның жабдығынан бас тартып, жеке қаржы жинап, өз бетінше жаңа жүйе орнатуға тура келмек.  

"Тұрғын үйдің кіреберісін домофонмен жабдықтау және оған қызмет көрсету туралы шешім тұрғындарының жалпы жиналысында қабылдануға тиіс. Орнатылған домофон жабдығы негізінен домофон компаниясының балансында қалады. Келісімшартқа сәйкес, ол жабдыққа қызмет көрсетуді де компания өзіне қалдырады. Домофон жүйесін орнату және қызмет көрсету шығындары субъектінің бірыңғай тарифімен өтеледі. Домофон компаниялары өкілдерінің мәліметінше, қолданыстағы техникалық спецификациялар қызмет көрсету жүйесіне өзгерістер енгізуге мүмкіндік бермейді", – деп хабарлады агенттік.

Сол себепті меморган "кедергілерді және осы саладағы монополияға қарсы заңнаманы бұзудың ықтимал белгілерін жою мақсатында домофон жүйелерін орнату, қызмет көрсету бойынша қызметтер нарығын талдауды жалғастырды".

Әрине, кез келген компанияның қызметінен бас тартуға болады. Алайда бұл рәсім күрделендірілген: сервистік компанияны ауыстыру үшін бүкіл подъездегі пәтерлердің меншік иелері одан бас тартуы керек. Сарапшылардың пікірінше, бұл "бәсекелестікті шектейді және оның қызметті еркін таңдау құқығына нұқсан келтіреді". Өйткені "арпа ішінде бір бидай" дегендей, домофон үшін ай сайын 300–400 теңгені төлеп тұруға дайын тұрғындар табылуы мүмкін. Оның үстіне жалғыз Петропавл қаласында осы жүйелерге қызмет көрсететін 8 компания бар, тиісінше салада монополизм жоқ деп есептеледі.

Ал алаяқтық, заңсыз қаржы жинау секілді мәселелермен не Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, не Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті шұғылданбайды. Салдарынан, мәселе тұйыққа тірелген жайы бар. Әйтпесе, антимонополиялық орган домофон мәселесімен соңғы үш жыл бойы айналысып келеді, нәтиже шығара алатын емес.

Қалай болғанда, тұрғындардың бұл "коммуналдық құлдықтан" құтылуының алғашқы мысалдары бар. Мысалы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментіне жергілікті тұрғындар шағыммен жүгінген. Өйткені Екібастұздағы бір топ тұтынушы "Миденко" жеке кәсіпкерлігінің домофондарынан бас тартады. Ол үйлерге тұрғындардың тапсырысы бойынша "Ваш домофон Екібастұз" ЖШС домофон жүйелерінің жаңа жабдығын орнатып береді. Бірақ "Миденко" ЖК тұрғындарға есеп-шот ұсынуын жалғастырған. Дауласу нәтижесінде антимонополистер "Миденконың" ісі "жосықсыз бәсекелестік белгілеріне жатады" деген ұйғарымға келді. Қазіргі уақытта "Миденко" ЖК заңсыз әрекетінен бас тартып, монополияға қарсы департаменттің хабарламасын толық орындады.

"Экспресс К"-ға сұхбатында заңгер Валентина Темірғалиева "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 8-бабында: "Тұтынушыны қызметтерді иеленуге шарт жасасуға мәжбүрлеуге жол берілмейді" деп жазылғанын қаперге салды. Оның пікірінше, бұл бапқа сәйкес, домофон үшін ай сайын ақы жинауды заңсыз деп тануға қол жеткізуге болады. Бірақ домофондық компания да өз меншігі саналатын жабдықтың тұрғанына назар аудартып, тұрғындарды сотқа беруі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін әу баста сол компаниямен жабдықты орнату туралы шарт бекіткенде, онда ай сайын төлем төленбейтінін нақты көрсету қажет. Сонда ешқандай ай сайынғы төлем болмайды.

"Шын мәнінде, көптеген адам жасанды түрде таңылған қызмет үшін ақы төлемеуге болатынын білмейді. Бұл мәселені кондоминиумның жалпы жиынында көтеріп, көпшілік дауыспен ортақ шешім қабылдаған жөн. Олай болмаған соң, біз жүйені жөндеу үшін ай сайын ақы төлеп, ақша жинап беріп тұрамыз. Ал жүйе ай сайын жөндеуді қажет етпейді. Домофондық компания мамандары тек жүйе бұзылса, есік құлыпталмай қалса ғана сол ақауды жою үшін ақы алуы керек", – деді заңгер.

Ол тұрғын үйлердің басым көпшілігінің ай сайынғы абоненттік төлемнен неге бас тартпайтынын түсіндірді.

"Домофондық жүйе немесе кіреберістегі есік келушілердің немесе тұрғындардың кінәсінен бұзылып қалып жатады. Егер тұрғындар қызмет көрсетуші компаниямен келісімшартты бұзса және жүйені пайдалануды жалғастырса, онда сынған сайын оны жөндеу үшін әрбір көршіге жүгіріп, қол жинауға және ақша жинауға тура келмек. Содан кейін жөндейтін компанияны табуы қажет. Нәтижесінде, ПИК, МИБ-тер де, тұрғындар да бұған бас қатырғысы келмейді. Бұл енді әрбір тұрғынның өз шешімі. Сондай-ақ кейбір домофондық компания айы сайынғы төлем сыртында жөндеу үшін де ақы талап етеді, бұл – нағыз арсыздық", – дейді заңгер.

Қорыта айтқанда, мамандардың кеңесінше, егер сіз домофон үшін ай сайынғы төлем төлеуден арылғыңыз келсе, мұны тұрғындардың жалпы жиынында көтеріп, көршілеріңіздің кем дегенде 75%-ының қолдауын алуыңыз керек. Сонда әлгі фирмамен келісімді бұзу мүмкін болады. Кейіндері жүйе сынса, мүлдем домофонсыз және құлыпталатын сыртқы есіксіз қалмау үшін тұрғындардан қаржы жинау қажет болады. Мұндай шығынды мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) шығындарына енгізуге де болады. Мамандар сондай-ақ кіреберістегі темір есік домофондық компанияның жекеменшігі болуы ықтимал екенін еске салады, демек, өзімен келісімді бұзса, ол есігін ұлпатанымен жұлып алып кетуі ғажап емес. Оның орнына есік сатып алуға да дайын болған абзал.

Жалпы, бұл мәселеге қатысты жергілікті әкімдіктердегі тұрғын үй инспекциясының кеңесін алуға болады. Оның мамандары тұрғын үй қатынастары саласында жұртшылықты қызықтыратын кез келген мәселе бойынша ақыл-кеңес беруге міндетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары