Қазақстанға Украинадан көшіп келген фотограф Надия Захарова жаңа елде ұнаған нәрселері мен не үшін қазақ тілін үйреніп жүргені туралы әңгімелеп берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Украиналық азаматша TikTok-парақшасында Алматыдағы өмірі және қазақ тілін үйренуі туралы видеолар түсіріп тұрады. Оның роликтері миллиондаған қаралым жинайды, көптеген қазақстандық қандай да бір сөзді айтуда кеңес беріп, елге деген құрметі үшін алғыс айтып та жатады.
Надия Қазақстанға 2020 жылдың күзінде көшіп келген. Ортақ таныстары арқылы болашақ жұбайы - Қазақстан азаматымен Украинаға келгенде танысқан. Артынша, олар Алматыға толық көшер алдында бірнеше рет елге келген.
"Көшер алдында мен үшін қиыны ата-анамнан жырақ кету болған шығар. Мен отбасымдағы жалғыз баламын, ата-анамды жалғыз қалдырғым келмеді. Бірақ дегенмен махаббат болғандықтан кету керек болды. Мәдени өзгеріске байланысты аса алаңдамадым, себебі бұл жерде көбі орыс тілінде сөйлейтінін білдім, туған тілім украин тілі болғанымен түсінетінімді білдім. Алайда белгілі бір ортаға түскендіктен қазақ тілін үйренгім келетінін түсіндім", - дейді Надия.
Оның сөзінше, Алматыға келгенде көріп, таңғалғаны - таулар. Бастапқыда қатты таңғалған. Ол өскен жерінде - Украинаның батысында таулар барын, алайда олар мұндай емес екенін айтады. Қазақстандықтармен араласуда ешқандай проблема болмаған, себебі адамдар өте мейірімді көрінген.
Надия жаңа сөздермен таныса келе бұған дейін белгілі сөздерге ұқсастары барын атап өтті. Оның сөзінше, "сіріңке" сөзі украин тіліндегі "сірники" сөзіне ұқсас.
"Қазақ тілінде маған қатты ұнағаны "жаным" сөзі. Себебі ол менің жаным деп нәзік естіледі. Тағы бір сүйікті сөзім - "тәте". Сіздерде көбіне бейтаныс әйелдерге айтып жатады, ал бізде олай емес", - дейді TikTok блогер.
Жергілікті асханадан украиналыққа ұнағаны жылқының етінен жасалатын тағамдар. Надияның сөзінше, бастапқыда "жылқыны жеу аянышты" болған. Алайда бір күні ол жылқының етін байқамай жеп қойған, бірақ Надияға ұнаған екен.