$ 494.87  520.65  4.91

Араб қаржысы және Қазақстан. Біздің Президентті инвесторлар неге жақсы көреді?

Сауд Арабиясындағы келіссөздер - әр қазақтың болашағына әсер ететін аса маңызды сәт. Біздің Президент мықты дипломат және арабтарға не керек екенін біледі.

Украинадағы қақтығыс салдарынан әлем елдері астық дефицитін сезіне бастады. Қамбалар бос тұр. Мемлекеттер өздерінің азық-түлік қауіпсіздігін ойлап, жанталасуда. Биылдан - фермерлер мен ауыл шаруашылығының жаңа дәуірі басталды деп айтуға болады. Азық-түлік мұнайдан да маңызды. Тіпті көптеген елдер өздерінде ішкі запас қалсын деп, тағам экспортынан бас тарты. Ол нарықта жетіспеушілік туғызып жатыр. Күзде қиын кезең басталады.
Әлемдегі аграрлы алпауыт компаниялар, фондтар болашақты нақты болжай алады. Қазір олар балама жобалар іздей бастады. Осы жолда көбі Қазақстанға көз тігіп отыр.

Себеп? Қазақстан егістік көлемі бойынша әлемдегі алтыншы ел. Мемлекет сырттан инвестициялар мен жаңа технологиялар тартуға мүдделі. Заңдары мен салық режимі өте қолайлы. Қазақ жеріндегі егістікке тек инвестиция, жаңа технологиялар мен логистикалық шешімдер ғана жетіспей тұр. Ал ол халықаралық компанияларда бар.
Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа басқа елдер тарапынан қызығушылық көп.

2021 жылы қазақ ауыл шаруашылығы 7,4 триллион теңгеге өнім (дәнді дақылдар, мал, көкөніс, жеміс) өндірген. Біздің мүмкіндігімізбен салыстырып қарағанда, бұл өте аз.

Қазіргі егістік көлемі 22,9 млн гектар. Енді оның аумағын жалпитып көбейте берудің қажеті шамалы. Тек жердің сапасын арттырып, егу, ору мен баптаудың жаңа технологиясын өндіру керек. Біз егіске суды тым үнемсіз жұмсап, ысырап етіп отырған елміз. Тамшылап суғару технологиясы тек азын-аулақ теплицаларда ғана қолданылады.

22,9 млн гектарды біз қалай бөлдік?
Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 16 млн гектарды алады. Оның ішіндегі бидай үлесі– 12,9 млн га. Майлы дақылдар 3,1 млн га, азықтық дақылдар – 3,1 млн га, мақта – 109,9 мың га, күріш – 96,8 мың га, қант қызылшасы – 21,7 мың га, картоп – 195,8 мың, көкөніс (қияр, помидор) - 168,6 мың га, бақша дақылдары (қарбыз, қауын) – 110,0 мың га.

Көріп тұрғанымыздай, егістіктің жартысынан астамы бидайға берілген. Қазақстан өз-өзін асырай алады. Ел Президентін шақырып отырған арабтар, агрокешенімізге инвестиция салып, болашақ зор ұсынысты игеруге дайын екенін байқатты.

Қазақстан осы инвестицияларды тарта алса, аймақтағы ең әлеуетті ел болайын деп тұр. Тек мұнай, металл мен уранға иек арта бермей, агрорлық алпауыт болу өз қолымызда. Ол үшін инвестициямен қатар, жаңа технологияны енгізу өте маңызды.

Егер біз ауылшаруашылығы өнімдері көлемін жылына 50 млрд доллар деңгейіне жеткізе алсақ, онда болашағымыз мықты болады. Қазір 14-15 млрд доллар шамасында тұрмыз. Бұл кенжелеп қалған елдердің көрсеткіші және осы бағыттағы дамуымызға ерекше күш салу керек.

Сауд Арабиясындағы келіссөздер - әр қазақтың болашағына әсер ететін аса маңызды сәт. Біздің Президент мықты дипломат және арабтарға не керек екенін біледі. Араб қаржыгерлері мықты аналитиктер, олар да Қазақстанның қазіргі жағдайын біліп отыр. Осы түсініктерден біз үшін тиімді контракттар алсақ, онда ауылшаруашылығының жаңа дәуірінде Қазақстан да көштен қалмайтыны анық.

Сарапшы Айбар Олжаевтың фейсбук парақшасынан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары