Жедел-іздестіру шаралары барысында учаскелік полиция инспекторын өлтірді деген күдікті анықталып, ұсталды, деп хабарлайды Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі (кісі өлтіру) бойынша Ақтау қаласы ТЖД-да тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске салайық, пышақталған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы жаралы күйде 17-ші шағын аудандағы аулалардың бірінен ауруханаға жеткізілген болатын. Учаскелік полицей жансақтау бөлімінде есін жимастан қайтыс болды.
Қаза тапқан азаматтың жасы 26-да, Маңғыстау облысында туған. Үйленген, 3 баласы бар. Қайғылы оқиға кезінде полиция қызметкері еңбек демаласында болған.