Ол мұндай ғұмыры қысқа әндердің көбеюіне бірінші кезекте талғамы жоқ тыңдармандарды кінәлайды, деп хабарлайды Экспресс К.
Қанай лақап атымен белгілі Нұрболат Қанаевтың "Ол қыз" деп аталатын әні талқыланған бағдарламаның үзіндісі әлеуметтік желіде жарияланған. Онда айтыскер ақын Дидар Қамиевтің інісі, әнші Ұланғасыр Қами қазіргі хит әндерді зерттегенін айтады. Оның пайымдауынша, қазіргі шоу-бизнес өкілдері әннің сөзінен гөрі әуеніне көбірек мән береді.
"Сазгер алдымен музыкасын жазып, әншіге ұсынады. Әнші ұнатса, сөзін келістіруге не ақынға береді, не өзі жаза салады. Қазір көбі ұйқасқа ғана мән береді. Мысалы, "Кетті, лақты ол, тыңдамайды" деген жолдар солай шыққан", — дейді ол.
Дегенмен, Ұланғасыр Қами әншілердің бұл әрекетін бұрыс деп санамайтынын айтқан. Себебі, оның ойынша, қазіргі тыңдарманның деңгейі сол, талғамы таяз көрінеді. Бағдарламаның өзге қонақтары өнерпаздың бұл ойымен келіспеген. Бейнежазбаны көргендердің де көбі Ұланғасырдың пікірін құптамапты.
Ақтаудағы концертте дәл осы ән айтылып жатқан тұста көрермендердің бірі күзетшілерге ұстатпай, сахнаға жүгіріп шыққан болатын. Сол кезде көпшілік бұл қадамға барған жігіттің әрекеті әннің сөзімен сай келгенін айтқан еді.