$ 498.34  519.72  4.85

Ақтау әкіміне сөгіс жарияланды

Бұл - қала әкімі жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауының нәтижесі.

Ақтау әкіміне қатты тұрмыстық қалдықты төгу нашар ұйымдастырылғаны және қаланы тазалау жұмыстары дұрыс жүргізілмегені үшін сөгіс жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәліметінше, 9 тамызда өткен аппарат кеңесінде қалалар мен аудандардың тұрмыстық қатты қалдықтарын төгу және онда санитариялық тазалық жүргізу мәселесі қаралған. Жиынға өңір басшысы Нұрлан Ноғаев та қатысқан.

Ведомствоның баспасөз қызметі өкілі өңірде санитария жағдайы және елді мекендердегі қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару мәселесі өзекті болып тұрғанын айтты. Туристер мен тұрғындар Маңғыстаудың тарихи-мәдени және табиғи көрікті жерлеріне тамақ қалдықтарын тастап кетеді. Кейінгі уақытта облыс орталығының тұрғындарынан қоқыс жиналып қалуына қатысты шағым саны айтарлықтай өскен. ҚТҚ уақтылы шығарылмауы жақын маңдағы аудандардың, яғни Мұнайлы ауданы мен Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылының тұрғындарын да алаңдатып отыр.

"Елді мекендердің санитария жағдайы алаңдатады. Ақтаудың ластануына жол беруге болмайды. Telegram-арнаға түскен шағымдардың көпшілігі қоқыс жинау және оны төгу проблемасына байланысты болып отыр. Қалдықтарды уақтылы жинамау қала сұлулығы мен тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бұл - қала әкімі жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауының нәтижесі", - деді Нұрлан Ноғаев.

Жұмысты дұрыс ұйымдастырмағаны үшін аймақ басшысы Ақтау әкіміне, оның орынбасарына және ТКШ бөлімінің бастығына сөгіс жариялаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары