$ 447.4  477.55  4.76

Адасып қалған сәбиді әпкесі келгенше уатқан арнайы жасақ жауынгері желідегі жұртты сүйсіндірді

Бейнероликтің басты кейіпкері – арнайы жасақ жауынгері Дәулет Қасымбеков.

Жезқазғанда арнайы жасақ жауынгері адасып қалған баланы тербете көтеріп тұрған қысқа бейнероликтен кейін «жұлдызға» айналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видео концерт кезінде түсірілген. Онда полиция қызметкерлері тәртіпті қамтамасыз ету үшін кезекшілік атқарған. Концертке келушілердің бірі арнайы жасақтың жауынгері ата-анасынан адасып кеткен кішкентай баланы қолында ұстап тұрған сәтті телефонға түсіріп алып, видео әлеуметтік желіде тарап кеткен. Бейнероликтің басты кейіпкері – арнайы жасақ жауынгері Дәулет Қасымбеков екені анықталды.

«Сол күні біз кеншілердің құрметіне ұйымдастырылған концертте кезекшілікте болдық. Алдыңғы шепте тұрдық. Әлденеге қолдарымен көрсетіп тұрған бір топ баланы байқадым. Жағындап қарасам, олар жалғыз өзі жыларман болып тұрған кішкентай баланы көрсетіп тұр екен. Олардан баланың анасы қайда деп сұрағанымда, адасып қалғанын айтты. Баланың жоғалып кеткенін жариялау үшін микрофон іздеп көріп едім, таппадым. Ұйымдастырушыларға хабарладым, алайда олар жауап бермеді. Содан кейін ата-анасы оны іздейді деп үміттеніп, көзге көрінетін жерге тұрып, оны сәл уатуға тырыстым. Тыныштандыру үшін қолыма көтеріп алдым. Ол кезде концерт аяқталайын деп жатқан еді. Сол сәтте бізді видеоға түсіріп алыпты. Мен оны тіпті байқамадым», - дейді Дәулет Қасымбеков.

Белгілі болғандай, бала концертте үлкен әпкесі және әжесімен бірге болған. Дәулет баланы тауып алғаннан соң 20 минуттан кейін, бір қыз бала келіп, бұл оның інісі екенін, әжесі екеуі оны жоғалтып алғанын айтып, жетектеп алып кеткен. Келесі күні таңертең осы қысқа бейнежазбаның арқасында Дәулет жергілікті жұлдыз болып оянды.

«Таңертең достарым қоңырау шалып, осы видеоны жібере бастады. Мен ерлік жасадым деп ойламаймын. Шындығына келер болсақ, сол күні концертте көптеген бала ата-аналарынан адасып жүрді. Кем дегенде, он баланы тауып әке-шешесіне табыстадық», - деп қосты ол.

Дәулет Қасымбеков ішкі істер органдарының қатарына 2019 жылы қосылған. Осы оқиғадан бір апта бұрын арнайы жасаққа ауысқан. Жасы 25-те, әзірге отбасын құрмаған.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Жезказған