Ескертуді елемейтін отбасы қамқорлығына алған төрт баланы қара жұмысқа да жегіп, күн көрсетпейді дейді Байсерке ауылының тұрғындары
Алматы облысында асырап алған балаларды ұрып-соғып, балтамен қуалаған әйел балаларға қол ұшын тигізбеймін деді КТМ арнасына берген сұхбатында.
Зура Өмірзақова 18-ге енді толған ұлына ара-тұра қол көтеретінін жасырмайды. Ал асырап алған өзге ұл-қызыма қол ұшымды тигізбеймін деп ант-су ішті. Көршілерінің сөзін жоққа шығарған әйел кейде ашуға беріліп, үлкен ұлы Никитаны шапалақпен салып жіберетінім бар деп ақталды.
"Ұрлық жасағаннан кейін, өтірік айтқаннан кейін “жасың 18-ге келді ғой “деп, ақылымды айтқам. Ешқандай арам ойым болған жоқ. Бір айттым. Екі айттым. Тіл алмаған соң, ұрдым. “Қойыңдар” деп дауыс көтеретін шығармын. Бірақ балағаттамаймын. Мен дұрыс тәрбие беріп жатырмын деп ойлаймын", - дейді әйел.
Алайда көршілері бұл үден баланың шырқырап жылаған дауысы үзілмейтінін айтып отыр.
Гүлсара әжей жетім балалардың құлындаған даусы шыққанда өзімді қоярға жер таппадым деп отыр. Оның айтуынша, араққа сылқия тойып алатын ата-ана өгей балаларын жиі тоқпақтап, құлша жұмсайтын көрінеді. Құзырлы орындар көршілердің шақыртуымен келіпті. Ерлі-зайыптылардың озбыр әрекетін таспаға түсіріп әлеуметтік желіге таратқан көршілері екен.
Кадрде қолына балта ұстаған келіншек ұл-қыздарын балағаттап, қол көтергенін анық байқауға болады. Өгей әке де қарап қалмай, бірін шапалақпен жазаға тартып, енді біріне оқтау лақтыруда.
Ескертуді елемейтін отбасы қамқорлығына алған төрт баланы қара жұмысқа да жегіп, күн көрсетпейді дейді Байсерке ауылының тұрғындары.
"Мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Үнемі балалар айғайлап, көмек сұрап жатады. Біз өткен жылы тиісті органға хабарлағанбыз. Сол уақытта бұл отбасы үйінің ауласындағы монша мен сарайды осы кішкентай балаларға салдыртқан. Он жастан асқан ұлдардың 17 келілік кірпіш тасып жүргенін көргенде жүрегім ауырған. Видеоға түсірдік. Бірақ білім бөлімдегілер ешқандай шара қолданған жоқ", - дейді Қахрамон Исанбетов.
Осыдан бес жыл бұрын Зура Өмірзақованың күйеуі өзі мен екі бірдей баласын тірідей өртеп, барлығы көз жұмған еді.
Бірақ бұл қайғылы жағдайдан аудандық білім бөлімдегілер бейхабар. Олар полициямен бірге сол үйге барып, көздері жәутеңдеген балаларды алып кеткендерін жеткізді.
Ал жетім балаларды бауырына басуға ниет білдірген отбасыны егжей-тегжейлі тексереміз дейді мамандар. Тіпті бала асырап алатын ата-аналар арнайы психологиялық даярлықтан да өтеді екен.
Өгей әке-шешесінен қорлық көрген үш ұл мен бір қыз менің ту сыртымдағы жекеменшік балалар үйіне уақытша орналастырылған. Ал асырап алған балалаларына қол көтерген ерлі-зайыптыларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданды.
Жуан жұдырықты ата-ана осы төрт баланы қамқорлыққа алу немесе одан айыру шешімі ертең арнайы құрылған комиссия отырысында қабылданбақ.