$ 447.4  477.55  4.76

«Назарбаевқа қатысты датаның ешқайсысын тойлаған емеспін» - Айдос Сарым

Тіпті, ол даталар медиа арналардан жарнамаланғанда ғана есіме түсетін.
фото: ашық дереккөз
фото: ашық дереккөз

Мәжіліс Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мереке тізімінен алып тастауды мақұлдады. Жалпы, бұл мереке елімізде соңғы 10 жылдан бері тойланып келе жатыр. Ол күннің мақсаты – Нұрсұлтан Назарбаевтың жетістіктері мен еңбегін насихаттау мен дәріптеу. Еске салсақ, осыдан бір апта бұрын Мәжіліс депутаттары елордаға өзінің бұрынғы атауы Астананы қайтаруды ұсынған еді. NEGE тілшісі осы шешімді мақұлдаған депутаттар мен елдегі саяси өзгерістерге үн қосып жүретін қоғам белсендісін сөзге тартқан еді.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның сөзінше, экс-президентті кезінде мақтап-мадақтап, ал қазір оған қатысты мерекеден бас тартып жатқан депутаттардың әрекеті соншалық сөгетіндей дүние емес.

– Онда тұрған не бар? Депутат та адам ғой. Ал адам болғасын бәрі қателеседі. Саясат – ол моральдық принциптерден де басқа дүниелерден тұрады.

– Саясатта принцип болмайды деп санайсыз ба сонда?

– Жоқ, олай дегем жоқ. Өмірде әртүрлі жағдай болады. Өмірдің ағысы тек қана жалған моральдық таңдаулардан тұрмайды. Адамның ағзасы мен психологиясы өте күрделі. Қоғамдікі де солай. Түптеп келгенде, елде қалыптасқан 30 жылдағы жағдайға Назарбаевпен қатар сол кезде өмір сүрген барлық ересек азаматтардың кінәсі бар.

– Қалай десек те, халық депутаттардан үміт күтеді ғой...

– Зиялы қауымның бәрі қателеспей жатыр ма?! Қазір Назарбаевты сынап жүрген талай қаламгердің бұрын соған арнап жазған өлең-шығармаларын өзім көрсетіп те бере аламын. Мысалы, кеңес заманында бәрі де Сталинді бір рет болсын мақтап шыққан. Не үшін? Кітабы шығу үшін, газетке мақаласы шығу үшін. Сол үшін Пастернакты, Бекмахановты жоққа шығара алмайсыз ғой. Өмір өтеді, көзқарастар да өзгереді.

– Сонымен6 сіздің Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мереке статусынан айыру туралы пікіріңіз қандай болды?

– Менің пікірім – менің дауысым. Депутат ретінде ол мерекені алып тастауды қолдап, дауыс бердім. Астана атауын қайтару туралы ұсыныс айтқан «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының ішінде де мен бармын. Ол ұсынысты Президентке жолдадық, енді оның реакциясын күтіп отырмыз. Тоқаев – мықты саясаткер тұлға. Кез келген саясаткер өзінің әлеуметтік базасының, сайлаушыларының көп болғанын қалайды. Осы тұрғыдан келгенде бұл ұсыныс Президентке «ұнайды-ұнамайды» деген категорияны айтпай-ақ қояйын, бірақ санасуға шақырады.

Жоғарыда аталған даталардың статусына қатысты Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров өз пікірін былай білдірді. Оның айтуынша, бұл шешімдердің барлығы халықтың қалауынан туған.

 – Бұл біріншіден, ел мен қоғамның сұранысы. Екіншіден, Ата заңымыздан конституцияның өзіне сәйкес келетін құндылықтардан басқасының барлығы алынып тасталды. Сондықтан бәрі нормаға сай жүзеге асып жатыр. Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мереке статусынан алынды. Бірақ атаулы күн боп қалуы ықтимал.

– Демек, 1-желтоқсанда «Тұңғыш президент күні» деген атау айтылмайды ғой?

– Иә, дұрыс айтасыз.

– Ал 25 қазан Республика күні қалай тойланады?

– Ол күн ұлттық мереке саналғандықтан, бір күн демалыс берілуі керек. Өздеріңіз білетіндей егемендік декларациясы 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған еді. Сол статусты қайтардық. Ал 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні аталып өтуі мүмкін. Бірақ бұрынғыдай тойланбайды.

Қоғам белсендісі Серік Хасенов Тұңғыш президент күні мерекесінің статусын төмендету үшін заңға өзгеріс енгізудің қажеті жоқ деп санайды.

– «Өзіңіз жайлы аңыздар жасаңыз. Құдайлар солай бастаған» дейді Ежи Лец. Бүгін даланы небір саяси аңыздар кезіп жүр. Бұл диктаторлық жүйеде қалыпты жағдай шығар?! Рим империясында Калигула деген диктатор билік жүргізген кезінде біздің тілмен айтқанда, өзінің жылқысын депутат сайлайды. Осы оқиға диктаторлық елдегі депутаттардың нақты бағасы деп білем.

Назарбаевқа күнді де, қаланы да берген саяси корпустың құрамы аса өзгере қойған жоқ. Яғни, өздері ашқан есікті өздері жапты. Оны керемет бір саяси реформа деп көпірудің өзі күлкілі... Депутаттарға өзгеріс керек болса, 1995-ші жылға дейінгі суперпрезиденттік емес, парламенттік конституцияны қайтарсын.

Назарбаевқа қатысты датаның ешқайсысын тойлаған емеспін. Тіпті, ол даталар медиа арналардан жарнамаланғанда ғана есіме түсетін. Көп халықта солай деп ойлаймын. Егер билік даурықпай-ақ, жай сол даталарды БАҚ-тан жарнамалауды қоя салғанда оны халық ұмытып та кетер еді. Себебі бұл халықтың ықыласынан туып, белгіленген даталар емес еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары