$ 494.87  520.65  4.91

Бір топ келіншек Мәдина Сәдуақасованың жарнамасына алданып, 500 мың теңгеге курс сатып алған

Алайда онға жуық шәкірттің айтуынша, аталмыш курс өз бағасына сай емес болып шыққан.

Бір топ қыз-келіншек белгілі нутрициолог Талшын Артыққызының құны 500 мың тұратын курсын алып, оңбай алданғандарын мәлімдеді. Олардың ішінде Мәдина Сәдуақасованың жарнамасына сеніп келгендері бар. Алайда онға жуық шәкірттің айтуынша, аталмыш курс өз бағасына сай емес болып шыққан. Тіпті нутрициолог әу баста  берген уәдесін орындамай,  жарамсыз сертификат беріп құтылды дейді. Бұл туралы "Еуразия" арнасының KOREMIZ бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ұмсынай Ібішева – Талшын Артыққызының курсын сатып алғандардың бірі. Айтуынша, курсты тәмамдаған соң Артыққызы ұсынған сертификат пен диплом жарамсыз болып шыққан. Ол курсқа кеткен қаражатты кері қайтару мақсатында полицияға арызданған. 

"Қазақтілді нөмірі бірінші нутрициолог боласыңдар, мен ашқан академияда білім аласыңдар, деген. Менің академиямнан сертификат, диплом алып, табыс таба аласыңдар”, –  деді. Бірақ берген сертификат, дипломдарының ешқандай лицензиясы жоқ", – дейді әйел. 

Алты айға жалғасады деп уәде берілген курс ақыр соңында сегіз айға созылған. Алайда Ібішева осы уақыт ішінде алған біліміме көңілім толмады деп отыр. 

"Үлкен білім беремін, табысқа шығарамын. Үлкен протоколдар болады, ауқымды білім беремін, деп уәде берді. Бірақ бастапқы ақпаратты ашқаннан-ақ, қарапайым теория екені білініп қалды. Таңнан кешке дейін Талшын Артыққызы сұрақтарға жауап беріп отырады, өзі болмаса, кураторлар жауап береді деп уәде берді. Бірақ кураторы өзінің күйеуі Елдар Оспанов болып шықты. Ешқандай білімі жоқ", – дейді шағымданушы.

Ал Талшын Артыққызы курсқа келгендерге мемлекеттік лицензияның жоқтығын ашық ескерттік деп отыр. 

"Ешқашан мемлекеттік лицензиясы бар диплом беремін деп айтқан емеспін. Кейбір шәкірттеріміз сұраған кезде де оларға түсіндіріп айттық, бізде жазбалар бар. Бұл базалы нутрицилогия курсы. 

Бұл дау қалай пайда болды? Бұл кісі өзін "сүйікті шәкіртім деп парақшада жарнамаламадыңыз" деді. Олай істемесеңіз, мен бәрін шулатамын деді. Ол кісі курс барысында 740 мың теңге тауып, ақшасын қайтарып отыр", – дейді Талшын Артыққызы. 

Ұмсынай Ібішевадан бөлек, екі әйел нутрициологтың үстінен шағымданды. Олардың бірі Арай Сламханқызы осы курсты оқу үшін 400 мың теңге несие алдым дейді. Айтуынша, ол 1 айлық оқудан кейін ақшаны кері қайтаруды талап еткен. Алайда Талшын Артыққызы ақшаны кері қайтармаған.

Сол сияқты Гүлдана Аманбай нутрициологқа қатысты: "Білім де, ақша да жоқ. Ақпараттар өте түсініксіз. Орысша ақпаратты қазақшаға тікелей аударған. Методичкалар өте түсініксіз", – деп шағымданды. 

Талшын Артыққызы денсаулық сақтау академиясының ашылуына әнші Мәдина Сәдуақасованы шақыртып, тұсауын кестірген. Мәдина Сәдуақасова журналистерге берген сұхбатында "нутрициологияның қазіргі заманда керекті нәрсе" екенін айтқан. Ал жарнамаға сеніп алдандық деген қыз-келіншектер енді нутрициологпен қоса, әншіні де айыптап отыр. Бағдарламаға Мәдина Сәдуақасованың ресми өкілі Маржан Сәдуақасова келіп, өз шындығын айтты. 

"Мәдина Сәдуақасова гонорарын алып, ол жерге қонақ болып барды. Ол әнші, той-томалақта жүреді. Health Academy-дің ашылуы – үлкен той. Талшын Артыққызы Мәдина Сәдуақасовадан тұсауын кесуді және екі ән орындап беруді сұрады. Мәдина ханым: "Осы курсты сатып алыңдар, сонда күшті маман болып кетесіңдер", – деп жарнамалай алмайды. Ол нутрициолог емес, ұйымның құрылтайшысы емес. Басқалар тойға, мемлекеттік концерттерге қалай шақырса, ол жерге солай шақырған", – деп түсіндірді ол.

Аталған іске қатысты Алматы қалалық полиция департаменті пікір білдірді. Белгілі болғандай, Талшын Артыққызының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жүруде. 

"Аталған іс бойынша Қылмыстық Кодекстің 190-бабының 3-тарағы бойынша іс қозғалып, тиісті процессуалдық әрекеттер жүргізілуде. Нақтырақ айтатын болсақ, бұл курстардың қаншалықты сертификацияланғанын анықтау мақсатында құзырлы органдарга сауалдар жіберілді. Қазіргі таңда полицияға ресми түрде 30-ға жуық азамат ресми арыздарын түсірді. Жәбірленушілер тағы болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығармаймыз. Бұл іс аса ірі көлемде алаяқтық жасау дерегі саналады", – дейді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек. 
Істің анық-қанығын сот шешеді.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары