Қол астындағы қызметкерін көлікпен қуалап жүріп қаққан қожалық иесінің әрекеті туралы Экспресс К бұған дейін жазған болатын.
Бұл оқиға мамыр айының басында болған. Сол кезде опасыздығы үшін 43 жастағы азамат қамауға алынды делінген. Алайда зардап шеккен жігіт оның бүгінде бостандықта жүргенін айтып әлеуметтік желіге видео жүктеді.
"Матайда мені машинамен қаққан адамның біреу қамауда, ал екеншісі қамаудан шығып кетіпті. Ол қалай шыққан? Әлде сатып алған ба? Олардан маған ешқандай көмек болған жоқ. Мен олардан ақша сұрап жатқаным жоқ. Тек қалай шығып кеткеніне таң қалып отырмын. Қайтадан қамаңыздар. Мен мұның түбіне жетпей қоймаймын. Ағайындар, осы жағынан маған көмектесіп жіберсеңіздер", — делінген видеода.
Ауыр дене жарақатын алған жігіт отбасымен бірге жалданып мал баққан екен. Шаруа қожалығының иесімен сөзге келіп қалып, арты төбелеске ұласқан. Содан жұмысшы отбасын алып, кетіп қалмақшы болыпты.
Шаруа қожалығының иесі қол астындағы қызметкерін көлікпен қуалап жүріп қаққан. Онымен қоймай, жараланған адамды таяқпен ұрып тастапты. Оқиға Алматы облысында болған.