$ 448.56  478.03  4.79

«Кейде тіпті тексеріс келіп, екі қолыма кісен салып, алып кететіндей үрейленемін» - Қайрат Әділгерей

Жемқордың образын сомдаған Қайрат Әділгерей басты уайымын ашып айтты.

Соңғы кездері жемқордың рөлін сомдаған жүрген Қайрат Әділгерей өнерден бөлек бизнеске де бет бұра бастады. Мұндай шешімге келуінің басты құпиясын актер Stan.kz тілшісімен бөлісті.

– Қайрат мырза, сұхбатымызды кезекті фильмдегі рөліңізден бастайықшы. Бұған дейін бірнеше комедияларда бой көрсеттіңіз. Ал “Үйленген бойдақ” несімен ерекшеленді?

– Аса ерекше немесе ізденіске көп уақыт талап етті деп айта алмаймын. Өзіңіз білетіндей, «Хотя бы в кино» комедиясында да басты рөлдің бірін сомдаған едім. Бұл образ соған ұқсас. Сол жемқорлықтан алыстап кетпеді. Ал жемқорлардың образдары бірдей ғой. Жемқор мен парақордың жақсысы, жүрегі жұмсақ немесе ақкөңілі болмайды. Жемқордың аты жемқор болып қалады.

– Өзіңіз фильмде жемқордың рөлін сомдап, сезініп көрген шығарсыз. Ал билік басында отырған өмірдегі жемқорларға не айтар едіңіз?

– Енді биліктегі жемқорларға менен басқа айтып та, жазып та жүргендер жетеді ғой. Арам жолмен келген ақшаның берекесі болмайды. Соны тек биліктегі емес, барлық қоғамдағы адамдар ұмытпау керек. Жемқордың рөлін сомдап, сезініп көрдіңіз деп қалдыңыз ғой. Шынымды айтсам, мына кинода жеп қойған ақшалар үшін мен өмірде біртүрлі болып жүрмін. Кейде тіпті тексеріс келіп, екі қолыма кісен салып, алып кететіндей үрейленемін. Шошып кетіп, айналама қарап, «уф, өмірде емес, кинода екен ғой» деп рахаттанып аламын. Сол кезде анау шынымен жеп жүргендер жемқорлар қалай тыныш ұйықтай береді екен деп ойланып қалатыным рас.

– Кино мен әзілден бөлек бизнестің кілтін қолыңызға алған сияқтысыз. «Жұмыстың шайы» құтты болсын!

– Рахмет. Негізі карантин кезінде «амбассадор» деген ұғым кеңінен тарап кетті. Бәрі бір кәсіпті жарнамалап жүрді. Маған да амбассадор болсаңыз деген көп ұсыныстар түсті. Мен қабылдамадым. Себебі жарнама жасап жүрген дүниенің ішкі кухнясын білмеген соң сенбедім. Халыққа көрінген нәрсені «менікі» деп ұсынып, сосын бір шикілігі шыққанда «мен тек амбассадор едім» деп ақталғым келмеді.

– Яғни, «жұмыстың шайы» сіздің авторлық өніміңіз бе?

– Иә, ешқандай да амбассадор емеспін. Бұл – менің авторлық өнімім. Яғни «By Qairat Adilgerey» брендінің алғашқы өнімі. Жұмыстың шайы – ол менің жұмыста отырғанда шыққан хит сөзім. Сол сөзбен шығаруды көрермендердің өзі ұсынды. Сол көрерменнің ықпалымен бір жылдай уақыт дайындалдық, нарықты зерттедік. Ерекше дизайн болуын қалап, ол бағытта көп ақылдастық. Міне, бір жылдық еңбегіміздің тырнақ алды туындысын халыққа ұсындық. Қазір Қазақстан бойынша таратылу үстінде. Бүгінгі таңда Шымкент, Тараз, Түркістан, Орал, Атырау, Ақтау, Қызылордаға жеткізілді.

– Бір қызығы отандық өнімдердің бағасы шарықтап тұрады. Сіздің шайыңыз қаншалықты қолжетімді?

– Себебін өзіңіз менен де жақсы біліп тұрсыз ғой. Біздің елімізде шикізаттар, зауыттармен жұмыс жасау бағасы жоғары. Сондықтан пайдасы аз, шығыны көп отандық кәсіптер бар. Бірақ енді «жұмыстың шайының» бағасы аса қымбат деп айта алмаймын. Кәдімгі шайлардың бағасымен бірдей.

– Айтпақшы, неліктен шай шығаруды жөн көрдіңіз?

– Себебі шай ішпейтін қазақ жоқ қой. Тары салынған, сүт қосылған қою шай қазақтың басының емі ғой. Өзім де шайды жақсы көрем. Бизнес өзіңе ұнайтын, жақсы көретін іспен байланысты болса алға тез жылжиды.

– Тікелей эфирлеріңізде жазылатын пікірлердің көбі «Мені дубляжға үйретіңізші!», «Сіздермен бірге жұмыс істесем ғой!», «Дубляж актері болу үшін не істеу керек?» деген мазмұнда. Жалпы, осы салада жүргеніңізге 15 жылдан аса уақыт өтті. Шәкірт тәрбиелеу ойда бар ма?

– Иә, мұндай идея бар. Идеяның пайда болуына да көрерменнің сұранысы түрткі болды. Алайда мен немқұрайлы сапасыз дүние жасағым келмейді. Білім саласы әшейін тамақ жеп алып, мынау дәмді, анау дәмсіз деп ажырата салатын дүние емес. Курс ашсақ, оның нәтижесі болу керек. Бұл ашылған курс арқылы адам өзінің орнын табуы, жұмыс табуы қажет. Осы үйренген нәрсесімен ақша табу керек. Дубляж әйтеуір саңқылдап тоқтамай сөйлей беретін сала емес. Курс барысында теория мен практикалық сабақтар қатар жүргені жөн. Яғни мен оған кәсіби көзқараспен қараймын. Қазір уақытым болмай жатыр, бірақ теориялық материалдарды қарастыруға дайындап қойдым. Ал практика жүзінде кімнің қандай икемі бар екенін тәжірибе көрсетеді. Жалпы, бұл нәрсенің жүзеге асатыны – сөзсіз. Жарты жыл көлемінде, бәлкім, келесі жылы.

– Жиі ел аралап, саяхаттайтыныңызды білеміз. Өзге елмен өз елімізді салыстыратын болсақ, еліміздегі туризмді дамыту үшін не істеу керек?

– Көп нәрсе жасалуы керек. Өйткені бізде туризмге көп ақша бөлінбей жатыр. Туризмді дамыту қажет. Біз – тарих қойнауы өте бай өлкеміз. Әулие де, батыр да, жыршы мен билер, болыстар, хандар бәрі бар. Бірақ ол өңірлерге барып, тарихпен танысып жүрген ешкім жоқ. Себебі тарихи жерлер мен табиғаты тамаша өңірлерге апаратын жол жоқ.

Адам жолмен жүрген кезде тоқтап, тынығатын, дем алатын жер керек. Бізде жол бойында жай ғана дәретхана да жоқ. Туризмнің ең алғашқы дамуының сатысы, ол – дәретхана. Менің соған көзім жетті. «Театр киім ілгіштен басталады» дейді ғой. Яғни, театрға кіріп келгендегі киім ілетін жер бүгін аншлаг, аншлаг еместігін, спектакльге қаншалықты халық келгенін  айқындайды. Бұл жерде де, бірінші кезекте келген туристке жағдай жасау керек. Бізде тарихи жәдігерлер өте көп: Түркістандағы Қожа Ахмет Яасауи атындағы кесененің өзі, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыздың, Абай Құнанбайұлының жерленген жерлері тағысы тағы бар.

362 әулиенің ішіндегі біз Оғландыдағы Бекет Ата мен Шопан атаны ғана білеміз. Қалған 360 әулиенің неге аты шықпайды? Оның барлығын жандандырып отыру керек. Бұл – бұйырса дамитын нәрсе. Өйткені біздің Қазақстан туризмі – әлемге ашылмаған таза саф болып тұрған дүние. Ол да бір күні болмаса, бір күні әлемге паш етіледі. Көлсай мен Қайыңдыға, Шарын шатқалына жол салса, бүкіл әлем сол жақта жүреді. Қазірдің өзінде инфрақұрылымы дамымаса да, шетелдіктердің барлығы ғаламтордан көріп, тамашалауға келіп жатыр.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары